Қажылыққа барушыға ізгі кеңестер. Бірінші кеңес

Ақиқатында, көптеген қажылар қажылықты орындау барысында оларды да, әрбір жеке мұсылманды да барлық тыйым салынған (харам) нәрселерден аулақ болуға міндеттейтін құлшылық киіміне оранғанын мүлде сезінбейді. Сіз олардың қажылықты орындағанын, оның рәсімдерін жасап жүргендерін, бірақ олардың бойында қажылыққа дейін болған күнәлі мінез-құлықтардың ешқайсысы өзгермегенін көре аласыз, ал бұл олардың қажылықтарының Аллаһ тарапынан қабыл етілмеуін айтпағанның өзінде,  сапасыз болғанының іс жүзіндегі дәлелі емес пе?! Осыған орай, әрбір қажылық өтеуші осыны естен шығармауға әрі Аллаһ тыйым салған бұзақылықтар мен күнәларға бой бермеуге бар күші-жігерін сарп етуге тырысуы қажет.

Өйткені, ақиқатында, Аллаһ Тағала былай деді:

الحج أشهر معلومات فمن فرض فيهن الحج فلا رفث ولا فسوق ولا جدال في الحج

«Қажылық белгілі айларда орындалады. Кім ол айларда (ихрам байланып) міндеттенсе, қажылық кезінде әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жоқ»  («әл-Бақара» сүресі, 197-аят).

Белгілі айлар – бұл Шәуал, Зуль-Қада, Зуль-Хижжа.

Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді:  «Кім әйеліне жақындаспай және күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай,  (Аллаһ үшін) қажылық жасаса, (үйіне) анасы оны туған күнде қандай (күнәсіз) болса, солай оралады» (Бұл хадисті Бухари және Муслим келтірген).

«Әйелге жақындасу» дегенде бұл хадисте «жыныстық қатынас жасау» деген меңзеледі.

Шейх әл-Ислам Ибн Таймийя, Аллаһ оны рыхым етсін, былай деген: “(Қажылық жасайтын адамға) тыйым салынған амалдардың арасында жыныстық қатынастан басқа оның қажылығын жарамсыз ететін еш нәрсе жоқ.  Дәл сондықтан да (жоғарыда келтірілген аятта) Аллаһ осы (амал) мен күнәлі іс (әл-фусуқ) істеудің арасын бөліп ажыратты. Ал (ихрам халінде болған адам үшін) тыйым салынған қалған амалдарға, мысалы, кәдімгі (пішіп тігілген) киім киюге және өзіне әтір себуге келер болсақ, онда оларды (осы кезде) пайдалану күнәлі болса да, барлық атақты имамдардың пікіріне сәйкес, олар бәрібір қажылықты жарамсыз етпейді”.

Өз сөзінің соңында шейх әл-Ислам «Кажылық жасаушы істеген кез келген күнә оның қажылығын жарамсыз етеді» деген ғалымдар да бар екендігіне нұсқайды. Ибн Хазм, Аллаһ оны рахым етсін, осындай ғалымдардың қатарында еді, әрі ол былай деген:  “Қажылық (жасап жүргені) есінде болған күйінде күнә жасау ойына келіп, оны шынында да (ихрам халіне кірген соң) Қағбаны парыз тауап (тауаф әл-ифада) жасауға және тас лақтыруға дейін  істеген адам өзінің қажылығын жарамсыз етті”. Әрі қарай бұл ғалым дәлел ретінде жоғарыда келтірілген аятты келтірді. Қз.: “Әл-Мухаллә”(7/186), өйткені, расында, бұл мәселе маңызды болып табылады.

Жоғарыда айтылғандардан қажылық жасаушы тарапынан жасалған күнә оның қажылығын не, бұл туралы Ибн Хазм (Аллаһ оны рақым етсін) айтқандай, жарамсыз  ететіні, не күнә араласқан ететіні ап-айқын болады. Әрине, бұл күнә қажылық жасап жүрмеген адамның жасаған күнәсімен салыстыруға келмейді, өйткені ол едәуір қауіптілеу,  әрі сол күнәні істеген қажы жоғарыда келтірілген хадисте айтылғандай, яғни анасынан туылған сәттегідей күнәларынан тап-таза болып үйіне орала алмайды. Сөйтіп ол өз қажылығын бүлдіріп, оның жемісін ала алмағандардың қатарынан болады, ал оның жемісі – Аллаһ Тағаланың кешірімі! Ақиқатында, біз тек Аллаһқа ғана көмек сұрап жалбарынамыз!

Осыны түсіндіріп болған соң, мен ихрам киіміне оранған әрі сонымен бірге осы күнәлардан бас тарту керек екендігін мүлде ұғынбайтын адамдардың жазасын тек күшейтетін кейбір күнәлардан сақтандырып ескерткім келеді. Ал олар бұны өздерінің надандығы, айқын сорақы бейқамдығы және өздерінің ата-бабаларына соқыр түрде ілесулері себепті ұғына алмайды.

 

1. АЛЛАҺҚА СЕРІК ҚОСУ

 

Кейбір мұсылмандардың басына түскен барлық қасіреттердің ішіндегі ең сорақысы – бұл олардың бүкіл амалдарды жоятын сипатқа ие ең ауыр күнә болып табылатын көпқұдайшылықтың (ширктің) мәнін түсінбеуі.  Аллаһ Тағала былай деді:

لئن أشركت ليحبطن عملك

«Егер Аллаһқа ортақ қоссаң, әлбетте ғамалың жойылып кетеді» ( «Зүмар» сүресі, 65-аят).

Біз (Меккедегі) Қасиетті Мешіттің және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мешітінде бола тұра ширк жасап жүрген көптеген қажыларды көрдік. Аллаһты ғана көмекке шақырудың және Одан ғана жәрдем тілеудің орнына олар пайғамбарлар мен әулиелерге жалбарынып дұға етеді және оларға нәзір береді. Ал Аллаһ Тағала былай деп айтты ғой:

إن تدعوهم لا يسمعوا دعاءكم ولو سمعوا ما استجابوا لكم ويوم القيامة يكفرون بشرككم ولا ينبئك مثل خبي

«Егер оларға жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді. Мұбада олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандықтарыңнан бас тартады. Толық Хабардар Аллаһтай саған ешкім түсіндірмейді» («әл-Фатыр» сүресі, 14-аят).

Бұл тақырыпқа қатысты аяттар өте көп, бірақ біз осы кітаптың мақсатын ескере отырып, жоғарыда келтірілген аятпен ескерту ретінде шектелеміз, өйткені жүрегін Аллаһ Хақ Жолға салған адамға осы жеткілікті.

Қажылық жасаушы адам осындай ширкті шапағат пен дәнекерлік тілеу және Аллаһқа жақындау жолдарын іздеу деп атап жасап жатса, онда Аллаһтың Қасиетті Үйіне жасалатын қандай қажылық туралы сөз болмақ?! Кезінде көпқұдайшылдар оларға жалбарынатын, әрі өздерінің ширктері мен Пәк Аллаһ Тағаладан өзгелерге жасап жатқан құлшылықтарын ақтайтын шапағатшылар мен дәнекерлер осылар емес пе?

والذين اتخذوا من دونه أولياء ما نعبدهم إلا ليقربونا إلى الله زلفى

«Сондай Аллаһтан өзгені қамқоршы және көмекші тұтқандар: «Біз бұларға Аллаһқа жақындастырсын деп қана табынамыз» (, — дейді)» («Зүмар» сүресі, 3-аят).

Уа, қажылық жасаушы! Қажылыққа аттанудан бұрын сіз алдымен барынша тезірек бірқұдайшылықтың шынайы мәнін әрі ширкке жататын қандай іс-әрекеттер осы бірқұдайшылықпен сыйыспайтынын ұғынып алуға міндеттісіз. Ал бұған тек Аллаһтың Кітабын және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін оқып-үйрену арқылы  қол жеткізуге болады, өйткені кім осыларға ілессе, сол жетістікке жетті, ал кім олардан ауытқыса, сол адасушылыққа түсті. Ал Аллаһ — ең жақсы Көмекші!

 

2. САҚАЛДЫ ҚЫРУ АРҚЫЛЫ ӨЗ-ӨЗІН СӘНДЕУ

 

Бұл күнә, өкінішке орай, көптеген елдердің батыс державаларға еліктеуі себепті біздің кезімізде мұсылмандар арасында кең таралып кетті. Бұл мұсылмандардың «Көпқұдайшылдарға ұқсамаңдар: сақалдарыңды жіберіңдер және мұрттарыңды қысқартыңдар!», — деп айтқан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ап-айқын тыйымына қарамастан осы нәрседе оларға еліктей бастап, осы күнәні кәпірлерден үйреніп алуына әкелді. Бұл сахих хадисті әл-Бухари мен Муслим жеткізеді. Басқа бір хадисте: «Кітап Иелеріне[1] ұқсамаңдар», — деп айтылған.  Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадистерінен шыға келе сақалын қырып тастайтын мұсылман бірден бірнеше күнә істеген болады.

Біріншісі: Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сақал жіберу туралы айқын бұйрығына бағынбау.

Екіншісі: Кәпірлерге ұқсап-еліктеу.

Үшіншісі: Аллаһтың жаратылысын бұрмалау, ал бұл Ібіліске  бағынумен байланысты. Оның сөздері туралы Аллаһ Тағала:

ولآمرنهم فليغيرن خلق الله

«…мен міндетті түрде оларға Аллаһтың жаратылысын бұрмалауды бұйырамын» («Ниса» сүресі, 119-аят), — деп айтқан.

Төртінші: Әйелдерге ұқсап-еліктеу. Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай күнәні істейтін адамды лағынеттеді ғой.[2] Бұл мәселелінің жан-жақты қаралуын «Некелесудің Саф Сүннетке сәйкес әдебі» кітабынан көре аласыз.

Жиі жағдайда мынандай жағдайларды да көруге болады: көптеген қажылық өтеушілер қажылық кезінде ихрамда болулары себепті сақалдарын өсіреді де, ал ихрамнан шыққан соң  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырғандай шашын қырып тастаудың орнына, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сақалды жіберу туралы бұйрығына көз жұмып, сақалын қырып тастап жатады. Ақиқатында, барлығымыз Аллаһқа тәнбіз әрі Оған қайта ораламыз!

 

3. ЕР КІСІЛЕРДІҢ АЛТЫН САҚИНА КИЮІ

 

Біз алтын сақина киіп, өздерін сәндеп жүрген қажылық өтеушілерді де көрдік. Бұл мәселені зерттеу мұны істейтін адамдарды үш топқа жіктеуге мүмкіндік берді:

Бірінші топқа мұның тыйым салынғандығын жай білмеген адамдар жатады, әрі оларға бірнеше хадистерді, мысалы, «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алтын сақина киюге тыйым салды» деген (әл-Бухари және Муслим жеткізген) хадисті және  «Ақиқатында, сендердің біреуің Тозақтың жанып тұрған шоғына өзі ұмтылып оны өзінің қолына салады!» деген (Муслим жеткізген) хадисті жеткізсеңіз, олар осы күнәдан бірден бас тартады.

Екінші топқа келер болсақ, оған жататын адамдар бұл мәселенің мән-жайын өте жақсы біледі, бірақ бәрібір өздерінің әуес-құмарлықтарына ереді. Бұл жағдайда бізге Аллаһтан оларды тура жолға салуын сұрап, дұға етуден басқа еш нәрсе қалмайды.

Ал үшінші топқа жататын адамдар тыйым салынған нәрсе істеп жүргенін мойындайды, бірақ олар киіп жүрген сақиналары неке сақинасы екендігін айтып ақталады. Бұл сорлы мұсылмандар осынысы арқылы екі күнәға батып жатқандарын өздері байқамайды: біріншісі – Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыда айтылған анық тыйымын бұзу, ал екіншісі – кәпірлерге ұқсап-еліктеу, өйткені неке сақинасы бұрын мұсылмандарға беймәлім болатын, олар осы салтты кейінгі заманда ғана христиандардан үйреніп алды. Бұл мәселені мен (шейх әл-Әлбани. – ред.) толығырақ «Некелесудің Саф Сүннетке сәйкес әдебі» кітабында қарастырған болатынмын, әрі мен басқа ғалымдардан айырықша неке сақинасын киюге деген тыйым жалпы сипатта екенін және ол мұсылман әйелдерге де қатысты екенін айтқан едім. Аталған кітаптағы тиісті тарауды қараңыз, өйткені бұл мәселе өте маңызды болып табылады. 



[1] Яғни яһудилер мен христиандар – ред.

1 Ибн ‘Аббас, Аллаһ оларға разы болсын, былай деп жеткізген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерге ұқсап-еліктейтін ерлерді және ерлерге ұқсап-еліктейтін әйелдерді лағынеттейтін». Хадистің басқа нұсқасында: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерге ұқсап еліктейтін ерлерді және ерлерге ұқсап-еліктейтін әйелдерді лағынеттеген», — деп хабарланады (әл-Бухари жеткізген) — ред.

You may also like...