Екі намазды қосып оқу және Арафатта тұру

61- Кейін[1] [Біләл] [бір рет азан айтып] (адамдарды) намазға шақырды.

62- Содан соң ол оның басталғанын (иқамат) жариялады, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (адамдармен бірге) бесін (зухр) намазын оқыды. Кейін тағы да бір рет иқамат айтылды да, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (адамдармен бірге) екінті (‘аср) намазын оқыды[2].

63- Осы екі намаздың арасында ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа ешқандай намаз оқымады[3].

64- Кейін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [әл-Касуаға] мініп, тұратын орынға жеткенше жүрді[4]. Ол әл-Касуаны тастарға[5] шөктірді, жаяу қажылар жүріп жатқан соқпақ жолдың алдына[6] келіп тоқтады да, жүзін Қыблаға қаратты[7].

65- Ол аспанның сары түсі бұрыңғысындай жап-жарық емес болып, ал күннің дөңгелегі көкжиектен жоғалып, батқанға дейін тұра берді[8].

66- [Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен мына жерде тұрдым, алайда бүкіл Арафат (алқабы) тұратын орын болып табылады»][9].

67- Кейін ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) артына Усама [бин Зәйдті] отырғызып алды.



[1] Әрі осыда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұма (намазын) емес, бесінді (зухр) орындағанына әрі Арафат күні, тіпті ол күн жұмаға тура келсе де,  құтпа жасау сүннет екеніне нұсқау бар.

[2] Кім осы екі намазды имамға үйып оқуға үлгермесе, оларды тура осылай етіп жалғыз өзі немесе қасындағы өзі секілді адамдармен бірге орындайды.

[3] Шейх Әлбани, Аллаһ оған рахым етсін, былай дейтін:  «Мен одан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ бесін намазының парызынан бұрын да, екінті намазының парызынан кейін де осы жерде (қажылық кезінде) де, оның басқа жол жүру кездерінде де нәпіл намаздарын оқығаны туралы  еш нәрсе жетпегенін айтамын. Сондай-ақ оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сапарда (жолда) болған кезінде таң (фәжр) намазы мен үтір намазынан басқа қандай да нәпіл намаздарын оқығандығы анықталмаған».

[4] Әрі осыда Арафаттан тыс жерде намаз оқу сүннет екеніне нұсқау бар. (Нәмирадағы) аялдауды және содан кейін келетін (Урана уадиіндегі) аялдауды адамдардың өте көп ағылатындығы себепті біздің кезімізде орындау өте қиынға соғады.  Сондықтан да егер қажы Арафатқа бара жатып, олардың үстінен тоқтамай жүріп өтсе, оған, Аллаһ қаласа, күнә жазылмайды.

[5] Әр-Рахма деп аталатын таудың етегінде шашылып жатқан үлкен тастар туралы сөз болуда. Бұл тау Арафат алқабының ортасында орналасқан. Имам ән-Нәуауи былай деген: «Осы жерде тұру абзал». Ал надандардың арасында кең таралған «әр-Рахма тауына көтерілу керек» деген пікірге және олардың «тек соның үстінде ғана тұру керек» деген сенімдеріне келер болсақ, олар қате.

[6] Яғни олардың жиналатын орнының алдына.

[7] Кейбір хадистерде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қолын жоғарыға көтерген күйде Аллаһқа жалбарынып тұрғаны туралы жеткізіледі. Сондай-ақ Арафатта тұрып тәлбийя айту да сүннетке жатады.

[8] Арафатта тұру кезінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстамады. Умм әл-Фәдл Арафат күні оған бір кесе сүт беріп жіберді, әрі ол оны түйесінің үстінде отырған күйінде ішіп алды. Бұл хадис екі «Сахихтың» екеуінде жеткізіледі.

[9] Арафатта тұру уақыты түстен күн батқанға дейін сөзылады. Арафатта тұрудың ең аз уақыт мөлшері, бұл туралы ғалымдардың көпшілігі сенімді Сүннетке жүгініп айтқандарындай, (зул-хижжаның) тоғызы күніндегі түстен бастап сол күннің түніне дейінгі бөлігін қамтиды.

Арафатта тәхлилді (яғни «Лә иләһә иллә-Ллаһ» — «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ» сөздерін) жиі қайталау сүннет болып табылады. Әрі бұл сөздер Арафат күнінде айтылатын ең жақсы дұға болып табылады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен және (маған дейінгі) пайғамбарлар Арафат Күні кешке (‘ашийа) айтқан ең жақсы дұға бұл:

» لا إله إلا الله وحده لا شريك له، له الملك و له الحمد و هو على كل شيء قدير «

(мағынасы: «Жалғыз, серігі жоқ Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті!»)», — деген.

Кейде қажы тәлбийяға «إنما الخير خير الآخرة»  (мағынасы: «Нағыз игілік – бұл Ақыреттің игілігі») деген сөздерді қосып айтуына болады.

Қажы Аллаһты Арафатта зікір етуін, тәлбийя айтуын және қалаған дұғаларымен Оған жалбарынуын тоқтатпайды, әрі Аллаһ Тағала оны Тозақ отынан құтқарылатындардың және Өзі олармен періштелердің алдында мақтанатын құлдарының қатарына қосатынына үміттенеді, бұл туралы мына хадистерде айтылатынындай: ”Аллаһ Тозақ отынан Арафат күнінде (Өзінің) көп құлдарын босататындай, (басқа) күн жоқ.  Ақиқатында, Ол (оларға) жақындайды, ал содан соң періштелердің алдында: «Мына (адамдар) не қалайды?», — деп мақтанады»; «Ақиқатында, Аллаһ Арафаттағы адамдармен аспан тұрғындарының (яғни періштелердің) алдында мақтанады да: «Маған шаштары тұйпаланып және шаңға батып келген құлдарыма қараңдаршы!», — дейді”.

Егер адам шаршаса және ұйықтап қалса, мұның оқасы жоқ, оның Арафатта тұруы бұдан бұзылмайды.

You may also like...