Меккеге кiру және қағбаны тауап жасау

19- Біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге [зул-хижжа айының төрті күні таңертең] (Аллаһтың) Үйіне жақын келгенімізде, (хадистің басқа риуаятында былай деп хабарланады: “Біз Меккеге күн едәуір биік көтерілген кезде кіріп келдік.

20- Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Қорықты) Мешіттің қақпаларының алдына келіп, түйесін тізесіне шөктірді де, кейін Мешітке кірді[1]).

21- Ол (Қағбаның) бұрышын сипап өтті[2] (Хадистің басқа риуаятында: «Қара тасты», — деп хабарланады)[3].

22- [, ал кейін одан (яғни Қара тастан) оң жаққа қарай жүрді[4]]

23- және [оған қайта-қайта оралып,] жылдам жүріспен (әр-рамль)[5] (Қағбаны) үш рет, ал (қалған) төртеуін әдеттегідей жүріспен [жай][6] айналып өтті. [7]

24- Кейін[8] ол Ибраһимнің (оған Аллаһтың сәлемі болсын) (тұрған) орынына (мақам Ибраһим) келді де [, адамдар оны еститіндей етіп дауысын қатты көтеріп] былай деді:

واتخذوا من مقام إبراهيم مصلى

«Уа-ттахизу ми-м-мақами Ибраһимә мусаллә»

(мағынасы: «Ендеше, Ибраһимнің (тұрған) орнын намаз оқитын орын ет» («Бақара» сүресі, 125-аят)).

25- Ол Ибраһимнің (тұрған) орны онымен Қағбаның[9] арасында қалатындай етіп тұрды [да, екі ракағат намаз оқыды][10].

26- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді]: “Ол екі ракағатта «قل هو الله أحد» (сөздерінен басталатын сүрені) және «قل يا أيها الكافرون» (сөздерінен басталатын сүрені) оқыды. (Хадистің басқа бір риуаятында: ««قل يا أيها الكافرون» ((«Айт: «Әй, кәпірлер!…») сөздерінен басталатын сүрені) және «قل هو الله أحد» ((«Айт: Ол, Аллаһ, Жалғыз…») сөздерінен басталатын сүрені)«, — деп хабарланады.[11])

27- [Кейін ол Зәм-Зәм бұлағына барып, одан су ішті және оны басына құйды][12].

28- Кейін ол (Қағбаның) бұрышына қайта оралды да, оған (яғни Қара тасқа) қолын тигізді.[13]



[1] Мешітке оң аяқпен кіріп: « اللهم صلّ على محمد وسلم ، اللهم افتح لي أبواب رحمتك» «Аллаһумма салли `алә Мухаммадин уа салләм, Аллаһумма-фтахлии әбуәбә рахматик», — деп айтуы керек (мағынасы: «Уа, Аллаһ, Мухаммадқа игілік пен сәлем бер! Уа, Аллаһ, маған Рахметіңнің есігін аша гөр!»).

Қажы Қағбаны көрген кезде екі қолын көтеруіне болады, өйткені бұл Ибн ‘Аббастан бекітілген. Сондай-ақ қажы Аллаһқа кез келген қалаған дұғасымен жалбарынуына болады. Ал егер ол ‘Умар айтқан «Аллаһуммә әнтә-с-Саләм уа минкә-с-саләм, фә-хаййинә Раббәнә би-с-саләм!» (мағынасы: «Уа, Аллаһ, Сен – Бейбітшіліксің («әс-Саләм» – Аллаһтың кемшілік пен мін атаулыдан азат (пәк) екендігіне нұсқайтын Оның Көркем Есімдерінің бірі), әрі Сенен — бейбітшілік (яғни Сен кез келген қайғы-қасіреттерден және бақытсыздықтардан арылтасың), Уа, Раббымыз, бейбітшілікпен бізді тірілте гөр (бұл жерде дұға етуші Аллаһтан сұрайтын есендік меңзелуде)») деген дұғамен жалбарынса, бұл жақсы болады.

[2] Яғни оны оң қолымен сипады. Бұл іс-әрекет, бұл туралы ән-Нәуауи айтқандай,  Қағбаны әрбір тауап жасау барысында орындалатын сүннет болып табылады. Сондай-ақ қажылық жасаушы оған сәжде жасайды, өйткені осылайша Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және ‘Умар мен Ибн ‘Аббас істейтін.

Қара тасты сипауда өте үлкен игілік бар, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Аллаһпен ант етемін, ақиқатында, Аллаһ Қиямет Күні Қара тасты тірілтеді, әрі оның екі көзі болады. Ол сол көздерімен қарап тұрады. Және оның тілі болады, әрі ол сол тілімен сөйлейді.  Ол оны шындықпен сипаған әрбір адамды жақтап куәлік береді». Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қара тас пен Йемен бұрышын сипау күнәларды өшіреді», — деді. Бұдан тыс, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қара тас Жәннаттан. Ол қардан да аппақ болатын, алайда көпқұдайшылдардың   күнәлары оны қап-қара етті», — деп те айтты.

Алайда Қағбаны тауап жасауда және Қара тасты сипауда адамдарды итермеу керек, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Уа, Умар! Сен күшті еркексің, ендеше әлсіздерге зиян тигізбе! Егер (Қара) тасты сипағың келсе, (оның алды бос) болса, сипа! Ал егер (бос) болмаса, онда оған жүзіңді қаратып, тәкбір айт!»

[3] Қағбаны осы тауап жасау кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Йемен бұрышына да қолын тигізген, бұл туралы Ибн Умардың хадисінде жеткізілетініндей. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл бұрышты сүймегенін (және оған қарай қолын нұсқамағанын) атап кету керек.

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны әрбір айналған кезде тек Қара тасты ғана сүйген. Қара тасты сүю сүннетке жатады. Егер оны істеуге мүмкіндік болмаса, онда оны қолмен сипай салып, кейін қолды сүюдің өзі де жеткілікті болады. Егер бұл да қиын болса, онда, мысалы, оған таяқтың үшын тигізіп, кейін соны сүйсе де болады. Кері жағдайда ол жаққа қарай жай қолмен нұсқаса да болады. Алайда мұның ешқайсысын Қағбаның басқа бұрыштарына қатысты істеуге болмайды. Йемен бұрышына келер болсақ, оны тек сипап өту ғана құпталады. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесіне ілесіп, Қағбаның екі Сирия бұрыштарына қол тигізбей өту керек.

Йемен бұрышы мен Қара тас аралығында жүріп бара жатып:

 ربنا آتنا في الدنيا حسنة، و في الآخرة حسنة، و قنا عذاب النار

 «Раббәнә әтинә фид-дунья хасанә, уә фил-ахирати хасанә, уа қинә азабән-нәр», — деп айту қажет (мағынасы: «Раббымыз! Бізге осы дүниеде игілік сыйла, әрі Ақыретте де игілік сыйла, әрі От азабынан сақта!»)

Сүннетке сәйкес Қағбаны тауап жасау кезіндегі әрбір айналымда Қара тастың қарама-қарсысына келгенде: «Аллаһу Әкбар!», — деп, Аллаһты ұлықтау керек.  Ибн Аббас (Аллаһ оның екеуіне разы болсын): «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Аллаһтың) Үйін түйе үстінде отырып тауап жасады. Қағбаның бұрышына (яғни Қара тас орналасқан бұрышына) жақындаған сайын, ол қолындағы нәрсесімен оған нұсқайтын әрі Аллаһты ұлықтайтын», — деп жеткізген. Бұл хадисті әл-Бухари келтірген.

«Аллаһу Әкбар» сөздері әр айналымның басында айтылады. Демек, тауапты бітірген кезде қолды Қара тасқа нұсқаудың әрі: «Аллаһу Әкбар», — деп айтудың қажеті жоқ.

Ал осы тұста «Бисмилләһ» («Аллаһтың атымен») сөздерін айтуға келер болсақ, мен (яғни шейх әл-Әлбани – ауд. (қаз.)) Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тікелей көтеріліп жеткізілетін (осы туралы айтылатын) бірде-бір хадисті кездестірмеппін. Тек Ибн Умардың Қара тасқа қолын тигізген сайын: “Бисми-Лләһ, уа Аллаһу Әкбар!”, — деп айтқаны хабарланатын сахих дерек бар.

[4] Қағбаны жеті рет айналу кезінде қабырғаның (әл-хижрдың) сыртынан өту қажет.

[5]Ән-Нәуауи ғалымдардың «әр-рамл» сөзіне келесідей анықтама бергеніне нұсқаған: «Бұл желістеп жүргендей жылдам әрі шағын қадамдармен шапшаң жүру». Йемен бұрышы мен Қара тас аралығында жүгірудің қажеті жоқ. Рамл тек тауаф әл-қудумда ғана (жасалады).

[6] Басқа хадистерде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны осы алғаш тауабын (яғни тауаф әл-қудумдыредактордың ескертпесі), оң иығын жалаңаштап (мудтабиан) жасағаны туралы жеткізіледі. Әл-идтиба’ (яғни ер кісі болған қажының Қағбаны тауап ету кезінде оң иығын жалаңаштауы) мынаны білдіреді: риданы (қажының үстіңгі жамылғысының) бір ұшын оң қолының қолтық астынан өткізіп, оны сол иыққа тастау, әрі осылайша оң иықты жалаңаштап, сол иықты жабу. Оң иықты Қағбаны тауап жасап болғанға дейін жалаңаш ұстау керек.

[7] Қажы (Қара тас орнатылған) Бұрыш пен Қағбаның есігінің арасындағы орынға (мультазамға) денесімен: оған көкірегін, бетін, білектерін қойып — жабысуына болады.

Қағбаны тауап жасауда Аллаһты зікір етудің қандай да бір белгіленген сөздері жоқ. Қажы Құраннан және Аллаһты еске алу сөзерінен қалаған нәрселерін оқуына болады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «(Аллаһтың) Үйін (Қағбаны) тауап ету намаз (саләт) болып табылады, тек Аллаһ онда сөйлеуге рұқсат еткендігінен басқа. Ал кім (Қағбаны тауап ету кезінде) сөйлесе, тек игі сөз айтсын», — ал хадистің басқа бір нұсқасында: «…оның кезінде азырақ сөйлесін», — деп айтылады.

Жалаңаш адамға немесе етеккірі келіп жатқан әйелге Қағбаны тауап жасауына болмайды, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «(Келесі жылдан бастап Аллаһтың) Үйін бірде-бір жалаңаш адам тауап жасамайтын болады»[7], ал қоштасу қажылығы кезінде ол умра жасау үшін келген Айшаға (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Қажы істейтін барлық нәрселерді істей бер, бірақ тазармағаныңша (Аллаһтың) Үйін тауап жасама [және намаз оқыма]

Ескерту: егер адам жасаған айналымдарының санынан жаңылысып, күмәнданса, ол сенімді болған нәрсесіне, яғни азына қайтуға тиісті. Егер ол тауап жасап болған соң күмәндана бастаса, онда күмәнға көңілін бұрмау қажет. Егер иқама айтылса, ол тоқтап, намаз оқуы, ал содан соң тауапты тоқтаған жерінен жалғастыруы қажет. Сондай-ақ егер тауап жасау барысында кісінің дәреті бұзылса, ол дәретін жаңартып, тауапты тоқтаған жерінен жалғастырады.

[8] Иығын жауып.

[9] Бірақ егер сол жерде орын таба алмаса, онда осы екі ракағатта басқа жерде оқудың оқасы жоқ.

[10] Ешбір жағдайда намаз орындаушының алдын кесіп өтуге болмайды, сондай-ақ намаз орындап тұрған кезіңде ешкімге алдыңнан кесіп өтуге рұқсат етуге болмайды, бұған жалпы сипаттағы хадистерде тиісті тыйымның болуына, әрі Қорықты Мешітке де, жалпы Меккеге де қатысты күшке ие болатын ерекше бөлек жағдай орнатылмағандығына байланысты!

[11] Ибн Аби Шәйбаның «Мусаннафында» сахих жинақта «Әр жеті (айналым) үшін екі ракағат» деген хадис келеді. Яғни әр тауаптан соң екі ракағат (намаз) орындау керек.  

[12] Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Зәм-Зәм суы оны не үшін ішсе — сол үшін». Сондай-ақ ол былай деді: «Ақиқатында, ол игі-берекелі, әрі тойдыратын тамақ [және аурулардан шипа]. Бұдан тыс ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жер бетіндегі ең жақсы су Зәм-Зәм болып табылады. Онда тамақтың бір түрі және аурулардан шипа бар», — деді. Зәм-Зәм суын әбден тойғанша қанып ішу (тадаллю’) сүннет болып табылады. Зәм-Зәмды өзімен бірге алып кетуге де болады, мұны Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істегеніндей.

[13] Меккеде тауап жасау мен нәпіл намаз орындаудың құпталмайтын уақыты жоқ, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Уа, Абду Манафтың ұлдары, адамдарға намаз бен тауап жасауға тыйым салмаңдар, олар мұны қай уақытта жасауды ниеттенсе де» (Тирмизи, Нәсаи, Аби Дауд).



*  Мүмкіндігі бар адам Меккеге кіруден бұрын Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесіне ілесіп, ғұсыл құйынуы және оған күндіз күруі керек. Меккеге оның жоғары жағынан кіру қажет. Қажылықа жасаушы адам Меккеге қалауы бойынша кез келген жолмен кіре алады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Меккенің әрбір шатқалы (сайы) жол әрі құрбан шалатын орын болып табылады», — деп айтқан.

Умраны Меккеге келген бойдан бірден жасау міндетті емес. Алдын біраз дамылдап, кейін мешітке барса да болады.

You may also like...