9 Зул-хижжа – бұл ұлы Арафа күні

Аллаһ Тағала Арафа күнімен ант етті, ал бұл оның ұлықтығына нұсқайды. Аллаһ былай деді: «Уәделі күнге, куәлік берілген (күнге)  және куәлік етуші (күнге) серт» («әл-Буруж» 85: 2-3).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “«Уәделі күн» – бұл Қиямет күні, «куәлік берілген күн» – бұл Арафа күні, ал «куәлік етуші күн» – бұл жұма”. Әт-Тирмизи 3339, әт-Табарани 3458. Шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.

Арафа күні Аллаһ Өз құлдарын Тозақтан босатады және олардың күнәларын кешіреді

Айша Аллаһ Елшіснің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: Аллаһ Өзінің көп құлдарын Тозақ отынан босататын Арафат күніндей басқа күн жоқ.  Ақиқатында, Ол (оларға) жақындайды, ал содан соң періштелердің алдында: «Олар нені қалайды?», — деп мақтанады”. Муслим 1348.

Сондай-ақ Әнастан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Арафа күні: «Әй, Біләл, адамдарды шақыр!», — дегені жеткізіледі.  Біләл: «Аллаһ Елшісінің сөзін тыңдаңдар!», — деп (дауыстап хабарлады). Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Уа, адамдар! Маған (Жәбірейіл) келіп, Раббымнан сәлем жеткізді де, былай деді: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала Арафат пен Маш’арда[1] және осы маңда тұрғандарды кешірді!»”, — деді.  Сол кезде Умар ибн әл-Хаттаб орнынан тұрып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұл тек біздер үшін бе?!», — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл сендер және сендерден кейін Қиямет күніне дейін болатындар үшін!», — деп жауап берді. Ибн әл-Мубарак. Хадис сахих. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 2/33.

Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға

Абдуллаһ ибн ‘Амрдан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: “Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға, ал мен және (маған дейінгі) пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы дұға бұл: «Жалғыз, серігі жоқ Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті!». Әт-Тирмизи 3585. Хадис хасан. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 1536.

لا إله إلا الله وحده لا شريك له، له الملك و له الحمد و هو على كل شيء قدير

/Лә иләһа иллә-Ллаһ, уахдаһу лә шәрика ләһ, ләһул-мулку уа ләһул-хамд, уа һууа ‘алә кулли шәй-ин қадир/.

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай дейтін: “Бұл хадисте Арафа күнгі дұға басқа уақыттағы дұғадан жақсырақ екеніне нұсқау бар және осыда сондай-ақ Арафа басқа күндерден жақсырақ дегенге де нұсқау бар. Әрі осы хадисте Арафа күнгі дұғалардың барлығына немесе олардың көбіне жауап қайырылатынына нұсқау бар. Сондай-ақ осы хадисте Аллаһты зікір етудің ең жақсысы – «лә иләһа илләЛлаһ» екеніне нұсқау бар!” Қз.: “әт-Тамхид” 6/41-42.

Имам әл-Баджи былай деген: «Арафа күнгі дұға – ең жақсы зікір, ол үшін берілетін сый-сауап (басқалардан) көбірек, әрі ол қабыл болуға жақынырақ.  Хадисте тек қажылық жасаушылар туралы айтылып тұрған болуы әбден ықтимал, өйткені дәл солар Арафа күні дұға етіп жалбарынады». Қз.: “Шарх «әл-Мууатта»” 1/358.

Алайда кейбір сәлафтар бұл артықшылық көбірек қажылық жасаушыларға қатысты болғанына қарамастан, тек олармен ғана шектелмейді деп есептеген және қажылық жасамайтындар да Арафа күні мешіттерде Аллаһқа дұға етіп жалбарынулары керек деп санаған.  Бұл Ибн Аббастан, Амр ибн Хурайбадан, Хасан әл-Бәсриден, Сәбит әл-Бунаниден, Мухаммад ибн Уәси’адан және Яхья ибн Мә’иннен жеткізілген. Қз.: “әл-Муғни” 2/129.



[1] Муздалифа алқабында орналасқан тау.

You may also like...