Әт-Тәшриқтің үш күні туралы

Әт-Тәшриқтің үш күні – бұл зул-хижжа айының он бірінші, он екінші, он үшінші күндері. (Яғни) бұл Құрбан айттан соң жалғасатын үш күн.

Уқба ибн ‘Амирден Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Арафа күні, Құрбан айт күні және әт-Тәшриқтің үш күні – бұл біздің мереке күндеріміз, уа, мұсылмандар!», — дегені жеткізіледі. Абу Дауд 2419, әт-Тирмизи 773, ән-Нәсаи 5/252. Абу ‘Иса әт-Тирмизи, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким, әз-Зәһаби және әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Имам әш-Шәукани былай деген: «Бұл хадисте Арафа күні, сондай-ақ әт-Тәшриқтің  үш күні мереке (Айт) екеніне дәлел бар». Қз.: “Нәйлюл-аутар” 2/284.

Әт-Тәшриқтің үш күні сондай-ақ құрбан (Удхия) шалуға болатын күндер болып табылады. Жубайр ибн Мут‘имнен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әт-Тәшриқтің барлық күндері – Құрбан шалатын күндер!», — деп айтқаны жеткізіледі. Ахмад 4/82, әд-Дарақутни 4/284. Имам Ибн Хиббан, хафиз әс-Суюты, имам әл-Мунауи, шейх әл-Әлбани, шейх Абдул-Қадир әл-Әрнаут пен Шу’айб әл-Әрнаут хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “«Сахих»  Ибн Хиббан” 9/166, “Фәйдул-Қадир” 5/35, «Сахих әл-жәми’» 4537, “Тахқиқ «Зад әл-мә’ад»”.

Сондай-ақ осы пікір Али мен Ибн Аббастан да жеткізіледі. Қз.: “Задул-Мә’ад” 2/291, “Нәйлюл-әутар” 5/142.

Имам әш-Шәфи’и былай дейтін: «Кім әт-Тәшриқтің соңғы күні күн батқаннан кейін құрбан шалған болса, оның Удхиясы жоқ!» Қз.: “әл-Умм” 2/223.

Әт-Тәшриқ күндерібұл жеп-ішу және Аллаһ Тағаланы зікір ету күндері

Аллаһ Тағала былай деген: «Аллаһты санаулы күндерде зікір етіңдер» («әл-Бақара», 2: 203).

Ибн Аббас: “«Санаулы күндер» бұл әт-Тәшриқтің үш күні”, — деген. Қз.: “«Сахих» әл-Бухари” 1/321.

Ка’б ибн Мәликтен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әт-Тәшриқ күндерібұл жеп-ішу және Аллаһты зікір ету күндері, — деп айтқаны жеткізіледі. Муслим 1141.

Хафиз Ибн Ражаб былай деп жазған: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы сөздерінде мереке күндеріндегі ішіп-жеу Аллаһ Тағаланы зікір етуге және Оған бағынуға көмектесетін нәрсе екеніне нұсқау бар. Және осыда Аллаһ Тағалаға Оның берген нығметтері үшін шүкіршілік ету бар, әрі бұл бағынуға жақындататын нәрсе!» Қз.: “Ләтаифул-мә’ариф” 504.

Имам Ибн Хәжар әл-Хайтами былай деген: «Аллаһ Тағала қажылық жасаушыларға өздерінің шалған құрбандарының етін жеп, дем алулары үшін, Құрбан Айт күнінде және әт-Тәшриқтің үш күнінде Минада болуды бұйырды. Олар құрметті және кешірілген хәлде Аллаһ Тағаланың қонақтары болады. Әрі олармен бірге осыда бүкіл жер жүзінің тұрғындары қатысады, өйткені олар ораза ұстап және басқа да құлшылықтар жасап, қажылармен бірге зул-хижжаның он күнінің рәсімдеріне қатысады. Олар өздерінің құрбандыққа шалған малдарының қанын ағызуы арқылы Аллаһқа жақындауымен кешірімге лайық болады. Міне, осылайша, барлық мұсылмандар осы күндерде Аллаһ Тағаланың нәсіп еткенінен жеп, әрі Оның берген игіліктеріне шүкіршіліктерін білдіріп, Оның қонақтарына айналады!» Қз.: “Итхаф әһл әл-Исләм би хусусыят әс-сыям” 308.

Имам ән-Нәуауи былай деген: «Осы күндерде Аллаһты жиі зікір ету абзал болады, ал зікірдің ең жақсысы Құран оқу болып табылады». Қз.: “әл-Азкар” 241.

Бұл, әсіресе, осы күндері Мина алқабында болған қажыларға қатысты.

Әт-Тәшриқ күндерінде ораза ұстауға тыйым салынғандығы туралы

Абу Хурайрадан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық кезінде адамдарға: «Бұл күндерде ораза ұстамаңдар, өйткені, ақиқатында, бұл жеп-ішу және Аллаһ Тағаланы зікір ету күндері!», — деп айту үшін шабарман жібергені жеткізіледі. Ахмад 10674, әл-Хаким 2/250, Абу Ну’айм 2/342/1. Шейх Ахмад Шакир мен шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Бұл күні ораза ұстау тек қажылық кезінде құрбан шала алмаған қажыға ғана рұқсат етіледі. Ибн ‘Умар былай деген: «Әт-Тәшриқ күндерінде ораза ұстау құрбан шалу үшін мал таппағандардан өзге ешкімге рұқсат етілмейтін». Әл-Бухари 1998.

Әрі (сөзіміздің) соңында біз әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақ айтамыз!

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және оларға ілескендердің барлығына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын! 

You may also like...