Үлкен бағанаға (әл-жәмрат әл-кубра) тас лақтыру

82- Кейін [үлкен бағанаға (әл- жәмрат әл-кубра) шығаратын] орта жолмен[1] қасында ағаш өсіп тұрған (осы) бағанаға дейін жетіп алды,

83- және [түске дейін] оған жеті тас лақтырды[2].

84- Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әл-хазф[3] мөлшеріндей болған әр тасты лақтырғанда: «Аллаһу Әкбар!» («Аллаһ Ұлы!»), — деп айтты[4].

85- [Осы орайда] ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [түйесінің үстінде отырып және: «Рәсімдеріңді[5] (орындауды) менен үйреніңдер, өйткені, ақиқатында, мен білмеймін, бұл менің соңғы қажылығым шығар», — деп,][6]  уадидің ішкі жағынан[7] тас лақтырды».

86- [Ол (яғни хадистің жеткізушісі – редактордың ескертпесі) былай деді: «Ол Құрбан Айт күнінен кейін [қалған әт-ташрик[8] күндерінде] тастарды түстен кейңн лақтырды][9].

87- [Сурака бин Мәлик бин Жу’шум Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен бағананың (жәмрат әл-акаба) қасында, ол тас лақтырып жатқанда кездестіріп, одан: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұл тек біздерге ғана қатысты ма[10]?», — деп сұрады. (Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)): «Жоқ, бұл барлық заманға»(, — деді)][11].

 

 

*Редактордың ескертпесі: әл-жәмрат әл-кубра – үш бағаналардың ең үлкені.

**Бұл зул-хижжаның 10-күні орын алды. Осы күні қажы бес істі орындауға тырысуы қажет: тас лақтыруға, құрбан шалуға, басты қыруға, тауаф әл-ифада мен сағи жасауға. Әрі осы амалдарды тура осындай тәртіппен орындау да сүннет болып табылады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осылай істеген болатын.



[1] Ән-Нәуауи былай деді: «Бұл жерде Арафаттан қайтуда осы жолмен жүру сүннет болып табылатынына айғақ бар. Бұл — оның Арафатқа барған жолынан басқа жол».

[2] Осы сәтте, бұл туралы әл-Фәдлдің және өзге сахабалардың хадистерінде жеткізілгендей,  ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәлбийя айтуын тоқтатты.

[3] Ән-Нәуауи былай деген: «Бұл тас көлемі бойынша шамамен мысыр ірі бұршағындай (әл-бакила’) келеді. Ол осы көлемнен үлкен де, кіші де болмауға тиіс. Дегенмен, егер тас үлкендеу, немесе кішілеу болса да, лақтыру (рәсімі) орындалған болып есептеледі».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: тасты осылай лақтыру әдісі бірқатар хадистерде кейбір сахабалардан, мысалы,  Абдурахман бин Муаз әт-Тамимиден жеткізіледі. Ол былай дейді: «Біз Минада болғанымызда, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа айта бастады. Біздің құлақтарымыздың оның сөздеріне қадалғаны соншалықты – біз тіпті шатырларымызда (отырып) оның сөздерін естідік». (Әрі қарай Абдурахман) былай деді: «Әрі ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге қажылық рәсімдерін үйрете бастады. Тас лақтыру мәселесіне жеткенде, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұқ саусақтарын бірінің үстіне бірін қойып: «(Бұл) әл-хазф тастарымен (жасалады)», — деді…”

Тас лақтыру мәселесін қарастыра отырып екі маңызды жайтқа назар бұру қажет:

Біріншісі: Күн шыққанға дейін тас лақтыруға тыйым салынады, тіпті Муздалифадан ертерек кетуге рұқсат етілген әйелдер мен кәрі кісілерге де. Олар күннің шыққанын күтіп, тек содан соң ғана тас лақтыруды бастаулары керек, өйткені Ибн Аббастан (Аллаһ оған разы болсын) «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз жанұя мүшелеріне келіп,  күн шықпайынша үлкен бағанаға (жәмрат әл-ақаба) тас лақтырмауды бұйырғаны» жеткізіледі. Бұл хадис әл-Бухари Асма бинт Абу Бакрден (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген басқа хадиске қайшы келмейді. Онда ол Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болып кеткен соң (үлкен) бағанаға тас лақтырғаны, содан кейін таң намазын оқығаны хабарланады. Бұл хадистен Асма осыны Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірісінде оның рұқсатын алып істеді ме, әлде жоқ па – анық емес. Алайда ол Муздалифадан түннің жартысы өткен соң шығып кетті. Ал хадистерде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдер мен әлсіз адамдарға осылай істеуге рұқсат етілгендігі туралы анық түрде жеткізіледі. Сондықтан Асма  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы рұқсатнамасы түнделетіп тас лақтыруға да қатысты деп ойлаған болуы, әрі оған Ибн Аббастың (Аллаһ ол екеуіне де разы болсын) есінде қалған оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (күн шыққанға дейін) тас лақтыруға тыйым салғандығы туралы хабар жетпеген болуы ықтимал.

Екінші: Айт күні түстен кейін түнге дейін (үлкен бағанаға) тас лақтыруға рұқсат етіледі. Осы мүмкіндікті (күн шыққаннан кейін) осы рәсімді орындауға қиналатын адамдар пайдалана алады. Бұған да Ибн Аббастың (Аллаһ оған разы болсын) былай деп жеткізген хадисі дәлел болады: “Айт күні Минада болған Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біз (осы күнде орындалатын қажылық рәсімдерін өз уақытынан ертелеу немесе кештеу орындау туралы) сұрақтар қойдық, оларға ол: «Мұның күнәсі жоқ», — деп жауап берді. Бір кісі: «Мен құрбан шалуға дейін басымды қырып қойдым», — деді, (бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық шала бер, әрі бұда күнә жоқ», — деп жауап берді.  Сонда әлгі адам: «Мен тастарды кеш батқаннан кейін лақтырдым», — деді, (бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)): «Бұда күнә жоқ», — деп жауап берді. Бұл хадисті әл-Бухари және басқа (мухаддистер) жеткізді.  Тастарды Құрбан Айт күні түстен кейін лақтыруға болатындығы туралы әш-Шәукани, ал оған дейін Ибн Хазм «Әл-Мухалләда»: «Ақиқатында, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құрбан Айт күні күн шыққанға дейін тас лақтыруға тыйым салды, әрі оларды (күн шыққаннан) кейін, тіпті түннің бірінші жартысына дейін жалғасатын кеш батса да лақтыруға рұқсат етті”, — деп айтқан еді. Сондықтан да қажы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыда айтылған үлкен бағанаға (күн шыққанға) дейін тас лақтыруға қатысты тыйымын бұзбауы үшін, осы рұқсатнаманы естен шығармауға тиіс. Көптеген қажылар осы  тыйымды мәжбүрлі қажеттіліктерді сылтаулатып бұзып жатады.

Үшінші: Үлкен бағанаға Құрбан Айт  күні тас лақтырып болған қажы басын қырған-қырмағанына қарамастан, жыныстық қатынастардан өзге ихрамдағы адамдарға қойылатын тыйымдардың барлығынан азат етіледі. Бұл туралы Айшадан жеткен хадисте былай деп айтылатындай: «Мен өз қолыммен Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол қоштасу қажылығын жасау үшін ихрам киімдерін киюден бұрын және Құрбан Айт күні үлкен бағанаға (жәмрат әл-ақабаға) тас лақтырып болған соң хош иісті майлар жақтым. Бұл оның (Аллаһтың) Үйін тауап жасауына дейін болды”.

Алайда егер қажы ихрам емес халде қалғысы келсе, онда Қағбаның негізгі тауабын (тауаф әл-ифаданы) тура сол күні (яғни 10 зул-хижжада — аудармашының ескертпесі) орындауға тиіс. Кері жағдайда, егер қажы негізгі тауапты жасамай жатып кеш батып кетсе, ол тас лақтыру рәсіміне дейінгі ихрам халіне қайта оралады.  Сөйтіп, ол өзінің әдеттегі киімін шешіп, ихрам киімін киюі керек, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, осы күні (яғни Құрбан Айт күні) сендер (үлкен) бағанаға тас лақтырып болғандарыңда, сендерге ихрам халінен шығуға рұқсат етіледі, яғни сендерге жыныстық қатынастан басқа (ихрам халінде) тыйым салынған нәрселердің барлығы  рұқсат етіледі. Ал егер сендер осы (Аллаһтың) Үйін тауап жасауларыңнан бұрын кеш батып кетсе, онда Қағбаны тауап жасап болғанша тас лақтыруға дейінгі  ихрам халіне ораласыңдар».

Кейбір ғалымдар бұл ережені қабылдамады. Шейх әл-Әлбани бұған қатысты былай деді: «Егер хадис Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екені анықталған болса әрі онда, біздің жағдайымыздай, айқын шариғи айғақ болса, онда оны қандай да бір ғалымның ол туралы хабардар болу-болмауына байланыстырмастан, оған бірден амал ету міндетті болады. Имам әш-Шәфи’и былай деген: «Хабар анық болған сәтте-ақ қабылданады,  тіпті егер имамдар өздері қабылдаған хабарға сәйкес амал етпесе де. Ақиқатында, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі біреулердің одан кейінгі амалдарына сәйкес емес, өздігінен расталады»”.

Сондай-ақ шейх, Аллаһ оған рахым етсін, былай деді: «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі ислам фақиһтері оған сәйкес амал ету-етпеуімен расталудан жоғары екенін атап айтқым келеді! Ақиқатында, хадис ол туралы үкім шығармайтын, бірақ оның өзі үкім шығаратын (Шариғаттың) дербес көзі болып табылады. Сонымен бірге, жоғарыда аталған хадиске сәйкес ғалымдардың тұтас тобы амал еткен, олардың арасында атақты табиғин ‘Уруа бин әз-Зубайр болған. Ендеше, осыдан соң кімде болсын осы хадиске сәйкес амал етуден бас тартуға деген орынды себеп болуы мүмкін бе? «Ақиқатында, осыда (сезімтал) жүрегі барға немесе құлақ салып, әзір болғанға бір үгіт бар» («Қаф» сүресі, 37-аят)».

Төртінші: бағаналарға лақтыратын тастарды кез келген жерден теріп алуға рұқсат етіледі, бұл туралы Ибн Тәймийя (Аллаһ оған рахым етсін) айтқан.  Мұның осылай болуының себебі — Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тас жинайтын жерді белгілеп қоймағандығында. Бұл туралы Ибн Аббастың (, ал басқа риуаятта ол әл-Фәдл бин Аббастан) жеткізген хадисінде былай деп айтылады: «(Жәмрат) әл-Ақаба (бағанасына тас лақтыратын) күні таңертең  (хадистің басқа нұсқасында: «Құрбан Айт күні таңертең», — ал тағы бір нұсқасында: «Муздалифада жиналудан (кейін) таңертең»), — деп жеткізіледі) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мініс жануарының үстінде отырған күйінде маған: «Маған (майда тастар) жинап берші!», — деді. Сонда мен оған әл-хазф көлеміндегі тастардан жинап бердім.  Мен оларды оның қолына салғанымда, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Осылар сияқты», — деді де, осыны үш рет қайталады. (Кейін ол былай деді:) «Дінде шектен шығушылық жасаудан сақ болыңдар, өйткені, ақиқатында, сендерден бұрынғылар діндегі артық кетушіліктері себебінен опат етілген еді»«.

Бұл хадис, егер оның екінші, сондай-ақ ең көп жеткізушілер жеткізген бірінші риуаятына сүйенсек, онда (тас жинайтын) орын туралы тікелей мәлімет болмаса да, бізге тастардың үлкен бағананың (жәмрат әл-ақаба) жанында жиналғандығы туралы тұжырым жасауға негіз береді. Мұны өзінің «әл-Муғни» (3/425) еңбегінде: «Бұл Минада орын алған еді», — деп айтқан  Ибн Кудама да байқаған болуы әбден ықтимал.

Әрі сондықтан да, бұл туралы ғалымдар айтатындарындай, қолданылған тастарды қайта теріп, жәмратқа лақтырудың еш оқасы жоқ.

Егер адам лақтырған тастарының санында күмәнданса, онда ол ең аз санға қарай ауады.

Ал көптеген қажылардың Муздалифаға келген соң тас жинауға кірісіп кетуі Сүннетке қайшы келеді. Бұдан қалса тасты өзімен алып жүретін және алдағы күндерде лақтыратын тастарды алдын ала жинап қоятын қажылардың осындай істері ерсі (такәллюф, яғни жасалуы қиын әрі ешқандай пайдасы жоқ) амалдарға жатады.

{Редактордың ескертпесі: әл-Бухаридің «Сахихында» Ибн Умар (Аллаһ оларға разы болсын): «Бізге ерсі қылықтар жасауға тыйым салынған болатын», — деп айтқаны жеткізіледі}.

Сондай-ақ бұрын қолданылған тастарды бағаналарға лақтыруда айыпты еш нәрсе жоқтығын да білу керек, өйткені мұны тыйым салатын дәлел жоқ. Бұл туралы, Ибн Тәймийядан айырықша, әш-Шәфи’и мен Ибн Хазм, Аллаһ оларды рахым етсін, айтқан.

Әл-Фәдл бин Аббас жеткізген хадисте дінде артық кетушілік жасаудың бір көрінісі әл-хазфтан үлкен, ал бұл түрік (мысыр) бұршағынан (әл-химмис) үлкен және фундуктан (әл-бундук) кішілеу болған тастарды лақтыру болып табылатыны жеткізіледі. Егер осының өзі дінде артық кетушілік жасауға жатса, онда бағаналарға аяқ ким лақтыратын надандар туралы не айтуға болмақ?! Аллаһтан мұсылмандардың жағдайын түзетуін, оларға ардақты Пайғамбардың Сүннетін білуді нәсіп етуін және соған сәйкес амал етулеріне көмектесуін сұраймын, егер олар расында да осы өмірде де, Ақыретте де шынайы  бақытқа қол жеткізуді қаласа!

Сондай-ақ маңызды жайттардың бірі — 10 зул-хижжада жамрат әл-кубраға тас лақтырғанда  ешқандай дұға етілмейтіні; тек тас лақтырылып, содан соң қажылар әрі қарай кететіні. Дұға тек келесі күндері әрі тек бірінші және екінші бағанаға тас лақтырғаннан кейін ғана жасалады.

[4] Осыда тастардың барлығын бірден емес, бірте-бірте лақтыру керектігіне нұсқау бар.

[5] Бұл жерде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық рәсімдерін өзінен үйренуді бұйырып тұр, бұл туралы басқа хадис жинақтарында айтылатындай. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері келесідей мағынаны меңзейді: «Мен өзімнің қажылығым барысында істеген, менің айтқандарыма, іс-әрекеттеріме, үлгі-өнегеліме қатысты осы істер қажылық істері болып табылады әрі оның ерекшіліктеріне қатысты. Олар сендердің рәсімдерің болып саналады, сондықтан да оларды менен алыңдар, оларды қабыл етіңдер, оларды жаттап алыңдар, оларды сақтаңдар, оларға сәйкес амал етіңдер, әрі өзгелер де оларға сәйкес амал етсін». Осы хадис қажылық рәсімдеріне қатысты ұлы негіз болып табылады әрі ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазға қатысты айтқан «Намазды мен көздеріңше қалай орындаған болсам, солай орындаңдар!» деген басқа айтқан сөзі сияқты. Қз.: ән-Нәуауи.

Науқас және тас лақтыруға шамасы жетпейтін кісілер мұны басқа біреуге тапсыруына рұқсат етіледі. Ал егер адам тастарды өзі лақтыра алса, онда оны басқаға тапсыруына тыйым салынады.

[6] Бұл сөздер Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сахабаларымен қоштасып жатқанына және оларға өз өлімінің жақындағанын хабарлап жатқанына нұсқайды. Сонымен ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларды бұрынғыдан да ынталы түрде өзінен рәсімдерді (үйреніп) алуға әрі олар оның ізінен қалмай жүруге және одан дінді үйрену мүмкіндігінен пайдаланып қалуға ынталандырады. Сондықтан да Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылығы қоштасу қажылығы деп аталған болатын. Қз.: ән-Нәуауи.

[7] Яғни Мина оның оң жағында, ал Мекке оның сол жағында еді.

[8] Бұл жерде сөз Құрбан айт күнінен кейін жалғасатын үш күн туралы болуда. Ғалымдардың басым бөлігінің пікірі бойынша, аталған хадистің мәтініне  сәйкес, осы күндерде тек түстен кейін ғана тас лақтыруға руқсат етіледі. Ән-Нәуауи былай деді: «Осы күндерде бағаналарға тас лақтыру кезінде реттілік сақтау қажеттілігін білу керек. Бұл ең алдымен әл-Хайф мешітіне барлығынан жақын орналасқан бірінші бағанаға, содан соң ортаңғы бағанаға, ал содан соң үлкен бағанаға (жәмрат әл-ақаба) тас лақтыру керек дегенді білдіреді.  Бірінші бағанаға тас лақтырып болған соң, одан қашықтау жерге тұрып, жүзді Қыблаға бұрып, ұзақ уақыт бойы Аллаһқа дұға ету және оны зікір ету қажет. Тура соны екінші бағанаға тас лақтырып болған соң да істеу қажет. Алайда үшінші бағанаға (яғни жәмрат әл-ақабаға) тас лақтырып болған соң, оның қасында тоқтамау қажет.  Бұл тұжырым әл-Бухаридің «Сахих» жинағында Ибн Умардан (Аллаһ оларға разы болсын) келтірілетін онда ол  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен бағанаға (жәмрат әл-ақабаға) тас лақтырып болған соң тоқтамағанын көргендігі туралы айтылатын хадиске негізделеді. Жоғарыда аталған іс-әрекеттерді әт-тәшриктің әрбір күнінде атқару абзал болады, ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі!

[9] Тастардың жалпы саны 70 болуға тиіс, ал асыққан, яғни Минаны тәшриктің екінші күні тастап шығатын адам үшін – 49 тас.

[10] Редактордың ескертпесі: яғни бұл осы жылы ғана қажылық жасаушыларға қатысты ма?

[11] Осыла деп аталған хадистің ‘Атаның Жәбирден жеткізетін иснадымен жеткізілетін риуаятында келтіріледі. Хадистің басқа риуаятында  (№34 тармақ) Сурака бұл сұрақты әл-Мәруа етегінде болған (әрі) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әс-Сафа мен әл-Мәруа төбелерінің арасында сағи рәсімін орындап біткен кезде бергені хабарланады. Сурака осыған тағы да бір көз жеткізіп, осыны тағыда бір рет растау үшін, бір сұрақты екі рет қойған болуы әбден ықтимал, ал  Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі! Қз.: «Фатх әл-Бари» (3:480).

 

You may also like...