Аллаһ Тағала былай деген: «Белгілі күндерде Аллаһты зікір етіңдер» («әл-Хаж» 22: 28).

Ибн Аббас: “«Белгілі күндер» — бұл зул-хижжа айының алғашқы он күні”, — деген. Қз.: “Сахих әл-Бухари” 1/321.

Ибн ‘Умардан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Аллаһ үшін зул-хижжаның он күнінен ұлығырақ күндер және (сол күндерде істелген) амалдардан сүйіктірек амалдар жоқ.  Ендеше, осы күндерде «субхана-Лллаһ», «әлхамдулилләһ», «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтуды көбейтіңдер!”, — деп айтқаны жеткізіледі. Ахмад 7/224, әт-Табарани “әл-Кәбирде” 3/110. Хадистің сахихтығын хафиз әл-Мунзири, әл-Хайсами және шейх Ахмад Шакир растаған.

Сөйтіп, осы он күнде Аллаһты зікір ету сөздерін көбейту керек екен! Имам ән-Нәуауи былай дейтін: “Зул-хижжа айының он күнінде Аллаһты зікір етуді көбейтіп, әдеттегіден көбірек істеу керек екендігін біл. Ал Арафа күні зікірді басқа он күннен көбірек айтқан абзал”. Қз.: “әл-Әзкар” 38.

Имам әл-Бухари былай деп баяндайтын: “Ибн ‘Умар мен Абу Хурайра зул-хижжаның он күнінде базарға шығып, тәкбір айтатын. Адамдар да оларға қосылып тәкбір айта бастайтын”. Қз.: “Сахих әл-Бухари” 1/321.

Ал мерекелі тәкбірлерді айтудың нақты уақытына келер болсақ, олар «Арафа күні таң (фәжр) намазынан кейін басталады да, әт-ташриқтің үшінші күніндегі екінті намазына дейінгі уақытты (қосып) қамтиды», әрі осы Али ибн Абу Талибтен, Ибн Мәс’удтан және Ибн ‘Аббастан жеткізіледі. Ибн Абу Шәйба 1/12, әл-Бәйһақи 3/314, әл-Хаким 1/300.

Әрі сахабалардан біреу осы мәселе бойынша басқаша айтқаны белгісіз. Имам Ахмадқа «Сіз ненің негізінде тәкбірлер Арафа күнінің таң намазынан басталып әт-тәшриқтің соңғы күніне дейін жалғасады деп есептейсің?» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Умардан, ‘Алиден, Ибн ‘Аббас пен Ибн Мәс’удтан (Аллаһ оларға разы болсын) жеткен бірауызды келісімнің (ижма`) негізінде!», — деп жауап берген. Қз.: “әл-Муғни” 3/289, «әл-Мәжму’» 5/35.

Мерекелі тәкбірлерді дәл қай уақытта айту керек

Мерекелі тәкбірлерді айту уақытының кірісімен оларды кез келген уақытта айтуға болады, өйткені оларды айту, көпшілік ойлайтындай,         тек парыз намаздарының аяқталуымен ғана байланысты емес! Имам әл-Бухари өзінің «Сахих» жинағында: «Ибн ‘Умар әт-Ташриқ күндері әр намаздан кейін де, төсегінде жатып та, шатырында болған кезде де, адамдармен бірге болған кездерде де,  бір жаққа жаяу барғанда да тәкбір айтатын», — деп баяндаған. Әл-Бухари 1/461.

Сондай-ақ имам әл-Бухари Ибн ‘Умар мен Абу Хурайра зул-хижжаның он күні барысында базарға шығып, тәкбір айтатындарын, әрі осы арқылы оларды осы сөздерді айтуға ынталандыратынын баяндаған.  Сол сияқты Мухаммад ибн ‘Али де тәкбірлерді нәпіл намаздарынан кейін айтатын болған.  Әл-Бухари 2/448.

Хафиз Ибн Хәжар мерекелі тәкбірлер туралы сәлафтардан жеткен сөздерге қатысты  былай деген: “Бұл хабарлар осы күндерде намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да тәкбір айтудың заңдылығына нұсқайды”. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/535.

Сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес  айт намазы оқылатын орынға барарда да тәкбір айту керек. Ибн Умар былай баяндайтын: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі айт намазына Фәдл ибн ‘Аббаспен, ‘Абдуллаһ ибн ‘Аббаспен, ‘Алимен, Жә’фармен, Хасанмен, Хусайнмен, Усама ибн Зайдпен, Зайд ибн Харисамен және Айман ибн Умм Айманмен бірге шығатын. Олар намаз орындалатын орынға жеткенше «лә иләһа иллә-Ллаһ» және «Аллаһу әкбар» сөздерін айтқанда дауыстарын көтеретін”. Әл-Бәйһақи 3/279. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 4934.

«Ибн ‘Умардың (өзі де), Ораза айт және Құрбан айт күндері айт намаздарына бара жатқанда, намаз орындалатын орынға жетпейінше дауыстап тәкбір айтқан, әрі кейін де имам келгенге дейін (тәкбір айтуды) жалғастырған», — деп хабарланады. Әд-Дарақутни, Ибн Абу Шайба. Иснады сенімді. Қз.: “Ируаул-ғалил” 650.

Имам әш-Шаукани былай деген: Мерекелі тәкбірлер тек парыз намаздарынан кейін айтылумен шектелмейді. Керісінше, оларды кез келген уақытта айтқан абзал!” Қз.: “әд-Дурарул-мудыя” 1/195.

Шейх Сыддық Хасан Хан былай дейтін: Тәкбірлердің нақты бекітілген бір түрі де, тәкбір айту үшін бекітілген нақты бір уақыт та, немесе олардың нақты бекітілген саны да  жоқ. Керісінше, тәкбір айтудың санын намаздардан кейін де, басқа уақыттарда да көбейте беруге рұқсат етілген! Ал біздің кезімізде адамдардың әдетіне айналған әр парыз намазынан кейін үш реттен, ал нәпіл намазынан кейін бір реттен тәкбір айтуға келер болсақ, бұған сахабалардан ешқандай нұсқау жоқ!” Қз.: “әр-Раудату-ннәдия” 1/367.

Әйелдер мерекелі тәкбірлерді айтады ма?

Имам әл-Бухари былай деп баяндайтын: «Мәймуна Құрбан айт күнінде тәкбір айтатын. Сондай-ақ әйелдер де әт-Ташриқ түндерінде ерлермен бірге мешітте намаз оқып болып, Абан ибн ‘Усман мен ‘Умар ибн ‘Абдуль-‘Азиздің ізінен тәкбір айтатын». Әл-Бухари 2/463.

Алайда әйелдер бұл тәкбірлерді қатты дауыстап айтпаулары керек.

Мерекелі тәкбірлердің түрлері

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеке өзінен жеткен нақты тәкбір айтудың үлгісіне қатысты  бірде-бір сахих хабар жоқ.  Алайда тәкбір сөздері сахабалардан сенімді түрде жеткізіледі.

Ибн Мәс’уд былай дейтіні жеткізіледі:

الله أكبر الله أكبر لا إله إلا الله، والله أكبر الله أكبر ولله الحمد

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар! Лә иләһа иллә-Ллаһ! Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиЛләһил хамд!» (мағынасы: «Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы! Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Аллаһ Ұлы, Аллаһ Ұлы, әрі Аллаһқа мақтаумадақ!»). Ибн Абу Шәйба 2/2. Шейх әл-Әлбани иснадының сахихтығын растаған.

Тағы да Ибн Мас’удтың былай дейтіні жеткізілген:

الله أكبر كبيراً الله أكبر كبيراً الله أكبر وأجلّ ، الله أكبر ولله الحمد

“Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар кәбиран, Аллаһу Әкбар уә әжәл, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд”. Әл-Мухамили. Иснады сахих. Қз.: “Ируауль-ғалиль” 3/126.

Ибн ‘Аббастың былай дейтіні жеткізіледі:

الله أكبر الله أكبر الله أكبر ولله الحمد الله أكبر وأجلّ الله أكبر على ما هدانا

“Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар уә ли-Лләһил-хамд! Аллаһу Әкбар уә ажәл, Аллаһу Әкбар ‘алә мә һадана!” (мағынасы: «Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Аллаһ Ұлы! Барлық мақтау Аллаһқа тән! Аллаһ аса Ұлы әрі Жоғары! Аллаһ бізді Хақ Жолға салғаны үшін аса Ұлы»). Әл-Бәйһақи 3/315. Иснады сахих.

Сәлман әл-Фариси былай дейтін: “Тәкбірді былай айтыңдар:

الله أكبر، الله أكبر كبيراً

«Аллаһу Әкбар, Аллаһу Әкбар кәбира»”. Абдур-Раззақ. Хафиз Ибн Хәжар иснадын сахих деген. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.

Мерекелі тәкбірлердің дәл сахабалардан сенімді түрде жеткендеріне тоқталу әрі оларға қандай да бір қосымшалар қоспау керек, өйткені, ақиқатында, әрбір адам үшін сахабалардың жеткізген нәрселері жеткілікті.  Хафиз Ибн Хәжар: “Осы кездерде мерекелі тәкбірлерге ешқандай негізге ие болмаған қосымшалар енгізілген!”, — дейтін. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/536.

Бұл сөздер осыдан жеті жүз жыл бұрын айтылған болатын, ал біздің кезіміздегі түрлі қосымшалар мен бұрмалаулар туралы не айтуға болады?!