Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрамға кірген ниетпен ихрам халіне кірген Алидiң Йеменнен келуі

46- Али [өзіне тапсырылған істі бітіріп,][1] Йеменнен Пайғамбар үшін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрбандыққа арналған мал айдап келді.

47- Әрі ол ихрамнан шыққан адамдардың арасында Фатиманы көрді. [Ол шашын тарап], боялған матадан киім киіп, көзіне сүрме жаққан болатын. Ол оны осы үшін сөкті [де: “Саған мұны кім бұйырды?!”, — деді][2]. Ол: “Ақиқатында, менің әкем маған осылай істеуді бұйырды!”, — деп жауап берді.

48- Ол (яғни Жәбир) былай деді: “(Жылдар өте,) Али Иракта болған кезінде, былай деп баяндайтын: «Сонда мен Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Фатиманың істегені туралы арыздану үшін әрі оның өзіне хабарлаған нәрселері туралы оның пікірін білу үшін аттандым»[3]. Ол сол үшін оны (Фатиманы) сөккен [, ал ол оған: «Менің әкем маған осылай істеуді бұйырды!», — деп айтқан] жағдай туралы айтып бергенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол шындықты айтты! [Ол шындықты айтты!][Мен оған осылай істеуді бұйырдым]», — деді».

49- Жәбир былай деді: “Әрі қарай ол Алиден: «Сен қажылықты бастаған кезіңде не айттың?», — деп сұрады. Ол (яғни Али): «Мен: “Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен ихрам халіне Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрамға кірген ниетпенен кіріп жатырмын!”, — дедім!», — деп жауап берді.

50- Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді:Ақиқатында, менімен бірге құрбан шалатын малдар бар, сондықтан ихрамнан шықпа[4] [да, қазіргі халіңде қала бер]”!

51- Али Йеменнен айдап алып келген құрбан шалатын малдар мен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [Мәдинадан] қуып алып келген малдар, бәрін қосқанда жүз бас [түйе мен сиыр] болды».

52- Ол былай деді: «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және өздерімен бірге құрбандыққа шалатын малдары барлардан өзге адамдардың барлығы ихрам халінен шықты[5] және шаштарын қысқартты[6]» [7].



[1] Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны ол жаққа қазы етіп жіберді.

[2] Өйткені ол сол сәтте тәматтуғ қажылығы туралы еш нәрсе білмейтін.

[3] Ол оған әйелінің әкесі ретінде барды, бірақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған ақиқатты түсіндіріп, оны пайғамбар ретінде күтіп алды.

[4] Өйткені Алимен (Аллаһ оған разы болсын) бірге де құрбандыққа шалатын малдар болды, бұған келесі сөйлем нұсқайтындай.

[5] Ән-Нәуауи былай деді: Осы жерде шектеуді меңзейтін жинақтау бар, өйткені Айша ихрам халінен шықпады, әрі өзімен бірге құрбан шалатын малын айдап келе жатқан жоқ еді. «Адамдардың барлығы ихрам халінен шықты» деген сөздермен олардың көпшілігі меңзеледі”.

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: Айшаның (Аллаһ оған разы болсын) ихрам халінен шықпағаны көптеген хадистерде, соның ішінде Жәбирдің (№54 тармақ) хадисінде де, анық жеткізіледі. Айша өзімен бірге құрбандыққа шалатын мал айдап келмегеніне оның өзінің: «Өзімен бірге құрбандыққа шалатын малдарды айдап келмегендер: олардың ішінде құрбандық малдарын айдап келмеген оның әйелдері де – ихрам халінен шықты», — деген сөзі дәлел бола алады. Айшаның бұл хадисін Муслим және басқа (мухаддистер) жеткізген.

[6] Егер адамның басында шаш өспесе, онда ол ұстарамен басынан жүргізіп өтуі қажет, өйткені басты қыру рәсім болып табылады.

[7] Сондай-ақ Айша (Аллаһ оған разы болсын) Меккеге жеткенге дейін еттеккірі келе бастағандығынан және сегізінші зул-хижжаға дейін одан тазармағандығынан әл-ифрад қажылығын өтеуі себепті де ихрамнан шықпады.

You may also like...