Қажылық кезінде кейбір қажылар төменде көрсетілген нәрселерді күнәлі деп санайды, бірақ шындығында олар үшін бұл нәрселер рұқсат етілген болып табылады:

1. Тіпті қажеттілік болмаған жағдайда да ғұсыл кұйынуға рұқсат етіледі. Ал ғұсыл құйыну, мысалы, ұрық шыққаннан кейін қажет болады. Осы тұста басқа масих тартуға да болады. Екі «Сахихта» және басқа да хадис жинақтарында ‘Абдуллаһ бин Хунайннан, ‘Абдуллаһ бин әл-’Аббас пен әл-Мисуар бин Махрама Абуа деген жерде (болған кездерінде) (бір мәселе бойынша) пікірлері келіспегені туралы жеткізіледі.  ‘Абдуллаһ бин ‘Аббас ихрам халіндегі қажы басын жуа алатынын айтты, ал әл-Мисуар бұған кері пікір білдірді.

(‘Абдуллаһ бин Хунайн былай деді): “Сонда ‘Абдуллаһ бин әл-’Аббас мені Абу Аййуб әл-Ансариге жіберді, мен оны жолықтырған кезде, ол (өзі жанында тұрған құдықтың) бағаналарының арасында (өзгелерден) киімімен тасаланып ғұсыл алып тұрған болатын. Мен оған сәлем бердім, ал ол: «Бұл кім?», — деп сұрады. Мен: «‘Абдуллаһ бин Хунайнмын. ‘Абдуллаһ бин әл-’Аббас мені сізге Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрам халінде болған кезінде басын қалай жуғаны туралы сұрау үшін жіберді», — деп жауап бердім. (Менің сөздерімді естіп,) Абу Аййуб киімін ұстап, оны басы көрінетіндей етіп төмен түсірді де, оған су құйып тұрған (адамға): «Құй», — деді, әрі әлгі кісі оның басына су құя бастады.  Кейін ол басын екі қолымен ысқалай бастады да, кейін:  «Мен Пайғамбардың да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тура осылай істейтінін көрдім», — деді”. Бұл хадистің Муслим жеткізген нұсқасы әл-Мисуардың Ибн ‘Аббасқа: “Мен енді ешқашан сенімен айтыспаймын”, — деп айтқан сөздерімен аяқталады.

Әл-Бәйһақи Ибн ‘Аббастан хасан иснадпен келесі хабарды жеткізеді: “Кейде ‘Умар бин әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын), біз екеуіміз ихрам халінде болсақ та, маған: «Кел, суға сүңгийік те, қайсысымыз ауасыз көбірек тұратынымызды білейік», — деп айтатын”.

Сондай-ақ Абдуллаһ бин ‘Умар да «Асим бин ‘Умар мен Абдуррахман бин Зәйд теңізде болған кездерінде бір-бірінің басын суға батырып, суға сүңгитінін, ал  ‘Умар оларға қарап, оларға сөгіс білдірмейтінін» жеткізген.

2. Басты қасуға рұқсат етіледі, тіпті егер осының нәтижесінде бірнеше шаш  түссе де. Бұған Абу Айубтың жоғарыда келтірген хадисі  айғақ болады. Сондай-ақ Мәлик те (1/358/92) Умм Әлқама бинт Абу Әлқамадан жеткізген деректе, оның былай деп айтқанын келтіреді: “Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі Айшаға ихрам халіндегі адам жайында «Оған өз денесін қасуға рұқсат етіледі ме?» деген сұрақ қойылғанын естідім. Айша (Аллаһ оған разы болсын):  «Қажы қасынуына, тіпті қатты қасынуына болады. Егер менің қолдарым байлаулы болып, қасынғым келгенде, мен мұны аяғыммен істер едім», — деп жауап берді”. Бұл асардың иснады хасан, өйткені оны растайтын басқа да көптеген хабарлар бар.

Шейх әл-Ислам Ибн Таймийя “әл-Мажмуа әл-Кубрада” (2/368) былай деген: «Егер ихрам халіндегі адамның денесі қышыса, ол оны қасуына болады. Сондай-ақ ғұсыл құйыну кезінде де бір-екі шаш түсіп жатса, оның оқасы жоқ».

3. Қан алдыруға (хижама жасатуға) рұқсат етіледі, тіпті бұл үшін қан алатын жерден шашты қырып тастауға тура келсе де. Бұған Ибн Бухайнадан жеткізілетін «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрамда болған кезінде Ләхйа Жәмал деген жерде оның төбесін (тіліп) қанын ағызды» деген хадис айғақ болады (әл-Бухари мен Муслим).

Шейх әл-Ислам Ибн Таймийя өзінің “әл-Мәнасик” (2/338) атты еңбегінде: «Егер ихрам халіндегі адамның денесі қышыса, ол оны қасуына болады. Сондай-ақ ол басы мен денесінің басқа жерлерінен қан алдыра алады. Егер осы үшін шаштың қандай да бір бөлігін қыру қажет болса, онда бұл «Сахихта» келтірілетін хадиске сәйкес рұқсат етіледі», — деп, осы жерде хадистің мәтінін келтіреді. Әрі қарай ол былай жалғастырады: “Өйткені қан алдыруды тек шаштың қандай да бір бөлігін қыру арқылы ғана жасауға болады ғой. Сол сияқты ғұсыл құйынғанда да бірнеше шаш түсіп жатса, оның оқасы жоқ, тіпті осы нәрсе дәл ғұсыл алу кезінде орын алды деген мығым сенім болса да”.

Ханбали мазһабының ұстанымы осындай, бұл туралы “әл-Муғниде” (3/306) айтылатындай, алайда ол жерде  әрі қарай былай деп айтылған: “…бірақ бұл адам өтемақы болатын амал (фидья) жасауы керек”. Тура сол туралы имам Мәлик те, басқа ғалымдар да айтатын. Ал Ибн Хазм олардан айырықша, осы хадисті келтіргеннен кейін (7/257): «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айыппұл немесе фидья төлеу туралы хабарламаған. Егер бұл міндетті болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл мәселені назардан тыс қалдырмайтын еді. Өйткені қалың шашқа ие болған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрам кезінде басты қыруға деген тыйымды бізге жеткізді ғой».

4. Хош иістер иіскеуге және сынған тырнақты алып тастауға рұқсат етіледі. Ибн Аббас (Аллаһ оларға разы болсын): «Ихрамдағы адам (ғұсыл құйыну үшін) моншаға кіруіне, тісін алдыруына, хош иістер иіскеуіне және сынған тырнағын алып тастауына болады», — деген.  Әрі қарай ол былай деп жалғастырған: «Сендерді қинайтын нәрсені алып тастаңдар, өйткені, ақиқатында, Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ сендерге жапа шектіруді қаламайды». Бұл асарды әл-Бәйһақи (5/62-63) сахих иснад арқылы келтірген. Тура осындай пікірді Ибн Хазм (7/246) ұстанған. Имам Мәлик, өз кезегінде, Мухаммад бин Абдуллаһ бин Абу Мәриямнан оның бірде ихрам халінде болған кезінде Саид бин әл-Мусайибтан өзінің сынған тырнағы туралы сұрағанда, Саид оған: «Оны кесіп таста», — деп айтқанын жеткізген.

5. Күннен шатырдың (палатканың) ішінде, қол шатырдың астында, машинаның ішінде паналауға рұқсат етіледі. Ал қажыларды таситын автобустардың шатырын алып тастау керек деп есептейтін кейбір мұсылмандарға қатысты айтар болсақ, мұндай әрекеттер дінде әлемдердің Раббысы тыйым салған шектен шығушылық пен артық кетушілікке жатады. Мысалы, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына Намирада өзіне арналған шатыр орнатуды бұйырғаны және өзі кейін соған тоқтап орналасқаны сенімді түрде жеткізіледі (бұл туралы № 57-58 тармақтарда айтылатын болады). Сол сияқты Умм әл-Хусайн (Аллаһ оған разы болсын) келесі хадисті жеткізген: «Мен Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге оның қоштасу қажылығы кезінде қажылық жасап жүргенімде, оның жанында Усама мен Біләлді көрдім. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен бағанаға (Жәмрат әл-ақабаға)  тас лақтырмайынша олардың біреуі оның түйесін жетектеп, ал екіншісі оны өз киімімен аптаптан бүркеп жүрді». Бұл хадисті Муслим мен әл-Бәйһақи келтіреді.

Сонымен бірге әл-Бәйһақи Нәфи’тің мынандай мойындауын да келтіреді: “Ибн ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) ихрам халіндегі бір адамның түйе үстінде отырып, күннен бүркенгенін көріп,  оған: «Ихрамға кім үшін кірген болсаң, сол үшін өзіңді құрбан етсей», — деді”. Ал бұл асардың басқа бір нұсқасында Ибн ‘Умар ихрам халінде болған және күннен бүркенген Абдуллаһ бин Рабианы көргені туралы айтылады. Ол өзінің ертоқымының ортасына ұзын сырық орнатып, оған киімін керіп қойған болатын. Ибн ‘Умар оны кездестіргенде, мұны оған тыйым салды.

Осы екі асарға қатысты мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: Ибн ‘Умарға Умм әл-Хусайнның жоғарыда келтірілген хадисі жетпеген болуы мүмкін, өйткені оның тыйым салған нәрсесі, Аллаһ Елшісінің өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істеген нәрсеге қайшы келіп тұр.   Осыған байланысты әл-Бәйһақи былай деген: “Сахабаның айтқан сөздері мен істеген амалдары туралы асар осындай, алайда Умм әл-Хусайннан жеткізілетін, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің іс-әрекеттері туралы куәлік беретін хадис сахих болып табылады”. Бұл «басымдық Умм әл-Хусайннан жеткен хадисте, әрі соны басшылыққа алу керек» дегенді білдіреді. Әл-Бәйһақи осы хабарды келтірген тарауды «Ихрам халіндегі адам өзінің басына тимейтін кез келген затты қолданып, көлеңкеде паналауына рұқсат етіледі» деп атағаны да жай емес”[1].

6. Қажы өзінің изарын (белінен төменгі жағын орайтын матаны) арнайы белбеумен немесе жай белдікпен, немесе қажеттілік болған кезде оны түйіндеп байлау арқылы ұстауға рұқсат етіледі. Ихрамдағы адамға сақина, сағат, көзілдірік киюге рұқсат етіледі, өйткені осыған тыйым салатын хадистер жоқ және осының рұқсат етілгеніне нұсқайтын кейбір хабарлар бар. Мысалы, бірде Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) қажылардың белдік тағып жүруі туралы сұрағанда, ол: «Бұда не жамандық бар? Қажы өз ақшасын сенімді түрде сақтасын», — деп жауап берген (бұл асардың иснады сахих). Табиғиндердің бірі болған Атадан жеткен тағы бір асарда: «Қажы жүзік тағуына және белдік қолдануына болады», — деп айтылады (бұл асарды әл-Бухари «та’лик» түрінде келтіреді).

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: сағат пен көзілдірікке қатысты айтар болсақ, бұған тыйым салатын мәтіндердің болмауы себепті,  сақина мен белдік киюге рұқсат етілгендей, оларды да киюге рұқсат етіледі.

وما كان ربك نسيا

«Ал Раббың еш нәрсені ұмытпайды» («Мәриям» сүресі, 64-аят).

Аллаһ сіздерге жеңілдік қалайды әрі ауыртпалық қаламайды. Ендеше, Аллаһ сіздерді Тура Жолға салғаны үшін Оны ұлықтаңыздар! Бәлкім, шүкіршілік етушілерден боларсыздар!



[1] Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: жоғарыда баяндалғанның барлығынан оқырманның өзі де шейх әл-Исламның (Ибн Таймийяның) «Ихрамдағы адамға ол Кім үшін ихрамға кірген болса, Соған өзін құрбан етуі ең абзал болып табылады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және онымен бірге қажылық жасаған сахабалар солай істеді» деген сөздері қате екенін түсіне алады.