Жә‘фар бин Мухаммад оның әкесі былай деп айтқанын жеткізген: Біз Жәбир бин ‘Абдуллаһтың (олардың екеуіне де Аллаһ разы болсын) жанына келгенде, ол (қасындағы) адамдардан өзінің алдына кімдердің келгені туралы сұрай бастады. (Осылайша) ол маған дейін жетті.[1] [Оның сұрағына] мен: «Мен — Мухаммад бин ‘Али бин Хусайнмын», — деп жауап бердім. Сонда ол екі қолын менің басыма қарай созды да,[2] [алдымен] жоғарғы түймемді, кейін төменгісін ағытып, кейін алақанын менің көкірегіме қойып, — сол кезде мен балиғатқа толмаған жасөспірім[3] болатынмын, — : «Қош келдің[4], уа, менің бауырымның баласы,[5] сұрағың келген нәрсең туралы сұрай бер[6]», — деді.  Мен  сол кездерде зағип болып қалған [Жәбирге] сұрақтарымды қоя бастадым. Намаздың уақытысы басталған кезде, ол көрпесіне[7] оранып орнынан тұрды, бірақ ол оны иығына жапқан[8] сайын  [көрпесінің] шеттері қайтадан өз орнына түсе беретін, өйткені ол шағын ғана болатын, ал [Жәбирдің] жамылғысы оның жанындағы [киім] ілгіште [ілінген] болатын. Ол бізбен бірге намаз оқыды[9], [содан соң] мен одан: «Маған Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылығы туралы баяндап беріңіз», — деп сұрадым[10].

[Мухаммад бин ‘Али бин Хусайн осыдан кейін Жәбир] саусақтарын бүгіп, тоғыз санын көрсеткенін және былай деп айтқанын [жеткізген]:

1- “Ақиқатында, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [Мәдинада] тоғыз жыл бойы бірде-бір рет қажылық жасамай тұрды[11].

2- Кейін оныншы жылы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [осы] жылы қажылық жасауды ниет еткендігі туралы адамдарға хабарланды.

3- Әрі сол кезде Мәдинаға көптеген адамдар келіп жетті[12] (хадистің басқа нұсқасында: «Жаяу не көлікпен жүре алатын бірде-бір адам (үйінде) қалмады», — деп жеткізіледі)[13]. [Адамдар онымен бірге шығуға (үлгеру) үшін асықты, өйткені] олардың барлығы Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жүруді және ол жасап жатқан рәсімдерді қайталауды қалады[14].

4- [Жәбир былай деді: “Мен оның (хадистің басқа нұсқасында: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа жасап, былай деді…», — деп жеткізіледі): “Мәдина тұрғындары үшін ихрамға кіру орны — Зул-Хуләйфа[15], басқа жолмен (Шамнан) келетіндер үшін – әл-Жухфа[16], Ирак тұрғындары үшін – Зат Ирқ[17], Нәжд тұрғындары үшін – Қарн, ал Йемен тұрғындары үшін – Яләмлам[18]»,[19] — деп айтқанын естідім«].

5- [Жәбир былай деді: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [зул-ка’да айының аяқталуына бес, не төрт күн қалған кезде][20] жолға шықты].

6 – [және өзімен бірге құрбандыққа шалатын малдарды айдап алып кетті][21].

7 – Біз онымен бірге [әйелдер және балалармен қатар] жолға шықтық.

8 – Сөйтіп Зул-Хуләйфаға жеттік[22]. Сол кезде Асма бинт Умайс Мухаммад бин Абу Бакрды босанды[23].

9- Ол өзінің не істеу керек екенін сұрау үшін Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адам жіберді.

10- [Сонда] ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: Ғұсыл құйын, сосын (мақта толтырылған енді матамен) қан ағып жатқан жеріңді байлап таста да, содан соң ихрамға кір[24].

11- Кейін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте [толық үнсіздік сақтап,] [25] намаз оқыды [26].



[1] Осыдан, бұған «Бізге адамдарға олардың жай-күйіне сәйкес тиістісін беру бұйырылған еді» деген хадис нұсқайтынындай, “адам оны зиярат етіп келген қонақтармен өзін лайықты түрде  ұстауы үшін, олармен танысуы, олардың атын, жай-күйін білуі абзал” деген пайда алынады.

[2] Жәбир зағип болатын.

[3] Осыда «бала хадис алып жүруші бола алады, бірақ ол оны тек кәмелетке жеткеннен кейін ғана жеткізе алады» дегенге нұсқау бар (Ислам мәселесінде де тура осылай).

[4] «Мархабан» — «Қош келдіңіздер» сөзі сүннет болып табылады, әрі егер адам оны Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу ретінде айтса, сол үшін сауап алады.

[5] Осыда бөгде адамға (тікелей мағынада емес, халық ішінде қалыптасқан ғұрып бойынша) «балам», («інім», «аға» «қарындас», «әпке»,) «ата», «көке» деп айтуға болатындығына нұсқау бар, өйткені бұл арабтардың әдет-ғұрпы еді, әрі сахабалар осыны амал ететін.

[6] Осыда білім талап етушінің: «Менен сұраңдар», — деп айтуына рұқсат етілетіндігіне нұсқау бар .

[7] Қазақ тіліне аудармашының ескертпесі: орыс тіліндегі мәтінде «одеяло» деп келтірілген.

[8] Сондай-ақ бұған иықтарды ашып намаз оқуға деген тыйым бар басқа да хадистер нұсқайды.

[9] Жәбир намазда әуретті жабудың ең төменгі мөлшері қандай болуға тиісті екенін тәжірибеде көрсеткісі келді. Сондай-ақ хадисте зағип адамға ұйып намаз оқуға болатындығына нұсқау бар.

[10] Сәлафтардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін біліп-түсінуге деген ұмтылысына, сондай-ақ сұрақ қандай үлгіде қойылу қажет екендігіне нұсқау.

[11] Ғалымдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға коныс аударғанынан соң һижраның оныншы жылы бір-ақ рет, яғни «қоштасу қажылығы» деп аталып кеткен қажық жасағанына бірауызды келіскен. Ғалымдардың әртүрлі пікірлерін туғызған басқа «Қажылық қашан бұйырылды?» деген мәселе болды.  Ғалымдар арасында бұған қатысты бірнеше пікірлер болған, олардың арасындағы ақиқатқа ең жақыны  — «қажылық һижрадан кейін тоғызыншы не, оныншы жылы парыз етілді» деген пікір.

[12] 120 мыңға жуық.

[13] Осыда бұйрықтағы негіз оны бірден орындау керек екендігіне нұсқау бар.

[14] Осыда олар қиран қажылығын жасау ниетімен шыққандығына нұсқау бар.

[15] Зул-Хуләйфа – Мәдинадан алты миль қашықтықта орналасқан жер (Хуләйфа – бұл талдың аты).

[16] Әл-Жухфа – Меккеден үш күндік (марахил) қашықтықта орналасқан жер. Шейх әл-Ислам Ибн Таймийя өзінің “Мәжмуа әр-Расаи’л әл-Кубра” еңбегінің “Мәнасик әл-Хаж” (2/356) тарауында былай деген: «Бүл – бүгінгі күні бұзылып кеткен Мухай’а атты ескі қоныс. Соған байланысты, қажылар ихрамға оған (жеткенге) дейін Раабиғ  деген жерде кіреді.  Ол батыс бағыттан келетін қажылар, мысалы, Шам (Сирия, Иордания, Палестина, Ливан) және Мысыр тұрғындары үшін  микат (ихрамға кіру орны – редактордың ескертпесі) болып табылады».

[17] Зат Ирқ – Араб жазирасындағы Нәжд пен Тихама аудандарын бөлетін орын болып табылатын мекен. Бұл жерден Меккеге дейінгі қашықтық қырық екі мильді құрайды, бұл туралы “Әл-Фатхта” хабарланады.

[18] Яләмлам – Меккеден екі күн қашықтықта орналасқан жер, бұл отыз мильді құрайды.

[19] Адамдар микатқа қатысты үш санатқа бөлінеді: 1 – (макки) харам аймағында тұратын және харам шекарасында умра үшін ихрамға кіретіндер; 2 – харам аймағының сыртында, бірақ микаттың ішінде түратындар – олар ихрамға өз үйлерінде кіреді; 3 – микаттың сыртында тұратындар (афакиюн) – олар ихрамға микатта кіруге міндетті.

[20] Бұл Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шаштарын тарап, хош иіс сеуіп, ихрам киімін – «изар» (қажы белінен төмен жағын орап алатын мата – редактордың ескертпесі) мен «рида» (қажы иығына тастайтайтын мата – редактордың ескертпесі) кигеннен кейін орын алды. Тура соны оның сахабалары да істеді.  Ихрам киіміне, яғни изар мен ридаға қатысты айтар болсақ, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) запыранға (шафран) боялғаннан басқа еш нәрсеге тыйым салмады.  Бұл туралы Ибн Аббас айтқанын әл-Бухари жеткізді. «Запыранға боялған» деген сөздер запыран сияқты сары түске боялуды меңзейді.

Ибн Аббастан жеткізілетін осы хадис микатка жетпей жатып ихрам киімін киюге болатындығына нұсқайды, көп адамдар осылай істеуді дұрыс деп санамаса да. Ихрамхаліне кіруді ниет етудің үкімі бұдан өзгеше, біздің пікірімізше, бұл (ниет) тек микатта ғана не болмаса, егер қажы ұшақта келе жатқан және микатты ихрам халіне кіруді ниет етуден  бұрын өтіп кетуден қорықса, оған жетуден сәл ертерек жасалады.

Сондай-ақ Шариғат бойынша ниетті тілмен айту (мысалы: «Уа, Аллаһ, ниет еттім…», — деп, т.с.с.  — редактордың ескертпесі) ихрамға кіргенде де, дәрет алудың алдында да, намазға кіріскенде де, ораза ұстаудан бұрын да, құлшылықтың басқа түрлерін орындаудан бұрын да рұқсат етілмейді, өйткені ниет тек жүректе бекітіледі. Ал ниетті тілмен айтуға келер болсақ, бұл діни жаңалық (бидғат) болып табылады, ал «кез келген бидғат адасушылық болып табылады, әрі әрбір адасушылық Отта (болады)». Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді түрде жеткен нәрсе – бұл ихрам халіне кіруден бұрын айтылатын “Ләббайка Аллаһумма умратан уа хажан” (“Міне, мен Сенің алдыңда, уа, Аллаһ, умра және қажылық (жасап тұрмын)”) деген сөздер. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы сөздерге тоқтады, әрі оларға еш нәрсе қоспады,  мұны шейх әл-Ислам Ибн Таймийя өзінің “ән-Нийя” («Мәжмуа әр-Раса’ил әл-Кубра», 1-бөлім, 244-245 беттер) кітабында растағанындай.

[21] Яғни, бұл туралы екі «Сахихта» келтірілген Ибн Умардың хадисінде келтірілетіндей, Зул-Хуләйфадан.

[22] Микаттар екі түрлі болады: уақытпен байланысты микат және орынмен байланысты микат. Уақыт микатына келер болсақ, бұл үш айлар (шәуал, зул-қағда, зул-хижа). Әрі сондықтан да егер адам тәматтуғ қажылығын жасағысы келсе, онда оған қажылық айларының бірінде умра жасау керек болады. Ал егер ол умраны басқа кезде жасаған болса және Меккеде қажылық басталғанға дейін қалса, онда оған ифрад қажылығын жасау жақсырақ болады. Әрі бұл Ибн Таймийя мен төрт имамның пікірі.

Ал орынмен байланысты микаттар: 1-Зул-Хуләйфа, 2-Әл-Жухфа, 3-Зат Ирқ, 4 – Қарн, 5 – Яләмлам

[23] Асма босанатынын білетін еді, бірақ осыған қарамастан бәрібір (жолға) шықты, әрі осы (жайт) қажылық оны жасауға мүмкіндік пайда болған кезден бастап бірден парыз болатынына нұсқау бар.

[24] Осыда әйел кісіге етеккірі (хайыз) немесе босанғаннан кейінгі қаны келген кезінде микатты ихрам халіне кірмей өтуіне болмайтынына нұсқау бар.  Сондай-ақ осыда ол ғұсыл құйынуы қажет екендігіне де нұсқау бар.

Ғұсыл сондай-ақ басқа адамдар үшін де шариғатпен заңдастырылған, бұған Ибн Умардан жеткізілетін мына сенімді хадис нұсқайтынындай: «Ақиқатында, егер адам ихрамға не Меккеге кіргісі келсе, ғұсыл құйыну Сүннеттен». Бәйһақи, Хаким т.б.

[25] Яғни Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намаздан соң талбийяны айтпады. Ол оны, бұл туралы келесі тармақта айтылатынындай, тек өзінің түйесіне мінген соң ғана айтты.

[26] Бесін (зухр) намазын. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинадан екінті (аср) намазын оқып шыққан болатын. Зул-Хуләйфаға жеткеннен соң, ол адамдарды күтіп тұрғанда ақшам (мағриб), құптан (‘иша), таң (фәжр) және бесін (зухр) намаздарын (сол жерде) оқыды. Бұған барлық хадистердің жиынтығы нұсқайды. Әрі осыда егер адам микатқа бес уақыт намаздың біреуінің уақыты кіргенде жетіп келсе, онда ол ихрамға парыз намазын орындап болғаннан кейін кіру керек екендігіне нұсқау бар. Ал ихрам үшін орындалатын намазға қатысты айтар болсақ, бұл – бидғат.

Батхада ихрам себепті  емес, осы алқаптың артықшылығы себепті екі ракағат намаз орындау шариғатта заңдастырылған. Мысалы, әл-Бухари ‘Умардан (Аллаһ оған разы болсын) оның былай деп айтқанын жеткізеді: “Мен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Уади әл-‘Ақиқта былай деп айтқанын естідім: “Бүгін түнде маған Раббымның елшісі келді де: «Осы берекелі уадиде намаз оқы да: “Умратан фи хәжатин” [Умраны қажылықтың ішінде (орындаймын)»], — деп айт», — деді”  (осы хадистің басқа бір риуаятында: “Умратан уа хәжатан” [«(Мен) умра мен қажылықты (өтеймін)», — деп келтіріледі].