Ихрам халiне кiру

12- Кейін он әл-Кәсуаға отырды[1]. Оның түйесі әл-Байда деген қонысқа жеткен кезде [ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары (тек қажылық жасау ниетімен ғана) ихрам халіне кірді де, тәлбийя [2] айтты (Хадистің басқа нұсқасында: «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары әл-ифрад қажылығын (жасау ниетімен) ихрамға кірді әрі тәлбийя айтты», — деп хабарланады].

13- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді:] «Мен [барлық жерде] – оның алдынан да, артынанда да, оң жағынан да, сол жағынан да оны көзбен қамту мүмкін болмаған (өте көп) жаяу және салтты (адамдар) қоршағанын көрдім[3]. Олардың арасында оған Құран түсіріліп жатқан әрі  оның мағынасын (та’уил) білетін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бар еді, сондықтан да біз оның істегендерінің барлығын қайталайтынбыз[4]».

14- Ол бірқұдайшылық сөздерін қатты дауыстап жариялап[5], (мына сөздерді қайталай бастады):

لبيك اللهم لبيك لبيك لا شريك لك لبيك إن الحمد والنعمة لك والملك لا شريك لك

“Ләббәйк Аллааһуммә ләббәйкә! Ләббәйкә ләә шәриикә ләкә ләббәйкә! Иннәл хамда уән ниъмәтә ләкә уәл мулк, ләә шәриикә ләкә

(Мағынасы: «Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Аллаһ! Міне, мен Сенің алдыңдамын! Міне, мен Сенің алдыңдамын, әрі Сенің серігің жоқ! Міне, мен Сенің алдыңдамын! Ақиқатында, Саған мақтау-мадақ тән, әрі нығметтер мен патшалық Сенікі! Сенің серігің жоқ!»).

15- Барлық адамдар оның ізінен осы сөздерді қатты дауыстап[6] қайталай берді. (Хадистің басқа бір нұсқасында: «Адамдар тәлбийяны [, оған келесі сөздерді қосып] айта бастады: [ لبيك ذا المعارج لبيك ذا الفواضل “Ләббәйкә Зәл-Мә`ариж, Ләббәйка Зәл-Фәуәдил” (мағынасы: «Міне, мен Сен алдыңдамын, дәрежелердің Иесі[7]! Міне, мен Сенің алдыңдамын, пайда-игіліктердің Иесі!») {Абу Дауд, Ахмад, әл-Бәйһақи}], ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға осы үшін еш нәрсе деп айтпады[8].

16- Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәлбийяны тоқтаусыз қайталай берді[9].

17- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: [“Біз [бар дауысымызбен]: [“Ләббәйкә Аллаһуммә («Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Аллаһ!»)], Ләббәйкә би-л-хаж”(«Міне, мен Сенің алдыңда қажылық (жасап) тұрмын»), — деп айттық]. (Хадистің тағы бір нұсқасында: “Біз умраны (жасауға болатындығын) білмедік”, — деп айтылады)[10], (ал хадистің басқа бір нұсқасында: «Біз, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары, тек қажылық әрі қажылықтан басқа еш нәрсе, тек қана қажылық (жасау ниетімен) ихрам халіне кірдік және тәлбийя айттық», — деп жеткізіледі).)

18- [Ол былай деді: “Ал Айша умра жасауды ниет етті. Ол Сарифке[11] келгенде, еттеккірі келе бастады].


* Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ихрам халіне кіруінен бұрын Айша (Аллаһ оған разы болсын) оған ең жақсы хош иісті майларды жақты. Ол (Аллаһ оған разы болсын): «Ихрамды киген Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айрығындағы хош иісті майлардың жылтырауы әліге дейін көз алдымда тұр», — деп айтатын. Бұл хадис  «Сахих» әл-Бухариде келтіріледі.

Ихрам киіміне келер болсақ, шейх әл-Ислам «Манасик әл-Хаж» (кітабында) былай деген: «Сүннетке сай ихрамға изар және  рида киюмен кіреді. Имамдардың бірауызды келісіміне сәйкес олар тігілген де, тігілмеген де болуы мүмкін». Көп адамдар осы мәселеде қателесіп, (ихрамдағы адамға) барлық тігілген нәрсе, яғни жіппен тігілген кез келген киімді: ол адамның қандай да бір дене мүшесін жапса да, жаппаса да — тыйым салынған деп есептейді. Сөйтіп «мүлде барлық тігілген нәрсеге тыйым салынған» деген пікір дұрыс емес болып табылады. Іс жүзінде (ихрам халіндегі адам үшін) адам денесіне сәйкес пішіп тігілген, мысалы, көйлек, жейдеше, сырт киім, кеудеше, шалбар және адамның әлдебір дене мүшесінің пішімі бойынша тігілген барлық нәрсеге тыйым салынған. Ихрамдағы адамға дәл осы үлгідегі киімді киюге тыйым салынған, тіпті ол тоқылған болса да.  Ал ридаға, егер ол қысқа немесе тар болса, бір нәрсені қоса тіге салуға, немесе егер ол жыртылып қалса, тігуге рұқсат етілген. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ихрамдағы адам көйлек, сәлде, сырт киім, шалбар, сары ағашпен (уарс) немесе запыранмен боялған кез келген киім және қайыс мәсі, тек егер ол сандали таба алмаса (өйткені мұндай жағдайда қайыс мәсі киюге болады), кимеуі керек», — деп айтқан. Ибн Таймийя «Манасик әл-Хаж» (кітабында) былай деп жазады: «Қажылық жасаушы адам қайыс мәсіні тобықтан төмен болу үшін кесудің қажеті жоқ, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алғашында оларды кесуді бұйырған болатын, ал кейінірек, Арафатта болған кезінде ол изар таппағандарға шалбар киюге, ал сандали таппағандарға мәсі киюге рұқсат етті. Ғалымдардың екі пікірінің ең дұрысырағы осындай». Бұл ерлерге қатысты.

Әйелге қатысты айтар болсақ, оның ихрамы екі нәрседен тұрады: ниқаб пен қолғап кимеу, бұған Сүннет: «Ихрамдағы әйел ниқаб және қолғап кимеуі керек», — деп нұсқайтынындай. Осы орайда, ихрамдағы әйелге бетін жаулық сияқты (хымар) немесе басынан бетіне түсетін жамылғы тәрізді әйел киімі (жилбаб) сияқты нәрсемен жабуға рұқсат етіледі, ғалымдардың ең дұрыс пікіріне сәйкес тіпті егер ол бетке тисе де, алайда әйел оны байлап кимеуі керек деген шартпен.

Адам ихрамға кірісімен, ол үшін басын қыру харам болады. Бірақ егер оған қандай да бір себеппен басын қыруға тура келсе, онда ол құрбан шалуға міндетті, бұған Құран мен Сүннет мәтіндері нұсқайтынындай:

مَن كَانَ مِنكُم مَّرِيضاً أَوْ بِهِ أَذًى مِّن رَّأْسِهِ فَفِدْيَةٌ مِّن صِيَامٍ أَوْ صَدَقَةٍ أَوْ نُسُ

«Біреу (ихрамда) науқас немесе басында бір жайсыздық болып, шашын алдырса, ол өтем ретінде ораза ұстауы, не садақа беруі, немесе құрбандық шалуы керек» («әл-Бақара» сүресі, 196-аят).

(Әл-Бухари ‘Абдуллаһ ибн Ма’калдан жеткізген хадисте былай деп айтылады: «Мен Ка’б ибн ‘Ужраның жанына осы мешітте, яғни Куфа мешітінде, келіп отырып, одан (осы) «…ол өтем ретінде ораза ұстауы…» (деген аят) туралы сұрадым. (Ка’б) былай деді: ”Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жанына келтірілдім әрі сол кезде (менің басымнан) бетіме биттер төгіліп түсіп жатқан болатын. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сені осыншалықты мен көріп тұрғандай қиындыққа түседі деп ойламаппын. Сенде бір қой табылады ма?», — деп сұрады. Мен: «Жоқ», — деп жауап бердім. (Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын))«Үш күн бойы ораза ұста немесе алты кедейді тамақтандыр. Әрбір кедей үшін – жарты са` тамақ. Әрі басыңды қырып таста», — деді. (Ка’б былай деді:) «(Бұл аят) мен туралы жеке түсті, бірақ сендер үшін ол жалпы күшке ие»” Әл-Бухари №4517, Муслим №1201. – аудармашыдан (қаз.))

Кейбір ғалымдар қияс (ұқсастық бойынша салыстыру) жасап, қажылық рәсімдерінің қайсысын болса да тастаған әрбір адам құрбан шалуға міндетті деп айтқан. Бұл – дұрыс емес пікір, өйткені оған дәлел жоқ. Бұл аз болса, дәлелдер бұған кері нұсқайды. Мысалы, Муздалифада түнеуді қалдырған Аббастың уақиғасы: Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны құрбан шалумен міндеттемеді.  Сондықтан да дәлел келмейінше адамды қан ағызумен (құрбан шалумен – аудармашыдан (қаз)) міндеттеуге болмайды. Дәлел тек төрт нәрсеге келген: 1- қиран не тәматтуғ қажылығын жасайтын адамның құрбандығы;  2- егер адам ұсталып қалса (ихсар) әрі осыны алдын ала шарт етіп белгілемен болса, онда ол құрбан шалмастан, ихрамнан шыға алмайды; 3 – ихрам халінде қажеттілікке сәйкес шашты алып тастауға мәжбүр болғанға байланысты шалынатын құрбан; 4 – аңшылық жасағаны үшін жаза ретінде құрбан шалу.

Сондай-ақ ихрамға кірген қажылық жасаушы адам денесіндегі түктер мен шаштарды алуға не қысқартуға, тырнақтарын алуға, бас киім киюге (қол шатыр пайдаланудың оқасы жоқ), денеге сәйкес пішіп тігілген киімдер киюге, хош иістер пайдалануға, аңшылық жасауға (тышқан, шаян, қарға, сауысқан, қабаған итті өлтіруден басқа), құда түсуге, некелесуге, жыныстық қатынас және оған алып келетін амалдар жасауға, бетін жабуға (келіспеушілік бар) тыйым салынады.



[1] Әл-Касуа – Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түйесі осылай аталатын.

[2] Ихрамға кірудің бір бөлігі (әл-ихләл) тәлбийяны көтеріңкі дауыспен айту болып табылады. «Ән-Ниһайяда» былай деп айтылған: «Ихрам киімін киген қажылық жасаушы ихрамға тәлбийяны қатты дауыстап айтқан кезінде кіреді».

— Сондай-ақ қажылық жасаушы адам бетін қыблаға бұрып және умра немесе қажылық жасау үшін тәлбийя айтып, былай дейді: اللهم هذه حجة لا رياء ولا سمعة «Аллаһуммә һазиһи хижжә, лә рийя уә лю сумғә (мағынасы: «Уа, Аллаһ, осы қажылық, (онда) көзбояушылық пен даңққа ұмтылу жоқ!»)».

Үш нәрсенің арасын ажырата білген жөн:

— ниет (ол үйден шыққан уақыттан бері болуы керек);

— ихрам киімі (оны миқатқа дейін киіп алуға болады), ихрам күйі (жағдайы);

— ихрам жағдайына кіру.

{Редактордың ескертпесі: Мен осы жерде құрметті оқырманның назарын бір өте маңызды жайтқа бұрамын. Жоғарыда келтірілген екі хадистің және басқа да хадистердің мағынасынан шығатынындай, тәлбийяның екі түрін ажырата білу қажет:

(1) ихрам күйіне кірердегі (әл-ихләл) тәлбийясы, оны қажылық жасаушы адам миқатты өткізіп алудан қорыққан жағдайда оған жетпей жатып айтады (мысалы, әт-тамматуғ қажылығын жасаушы адам:  «Аллаһуммә, ләббәйкә умратан! («Уа, Аллаһ, міне, мен Сенің алдыңда умра (орындап) тұрмын!»)», — деп айтады; ал кейін,  зул-хижжа айының 8-күні ол қайтадан ихрамға кіреді, әрі ол: «Аллаһуммә, ләббәйкә хажжән! («Уа, Аллаһ, міне, мен Сенің алдыңда қажылық (орындап) тұрмын!»), — деп айтуға тиісті және

(2) ихрамға кіріп қойған қажы айтатын тәлбия: “Ләббәйк Аллааһуммә ләббәйкә! Ләббәйкә ләә шәриикә ләкә ләббәйкә! Иннәл хамдә уән ниъмәтә ләкә уәл мулк, ләә шәриикә ләкә!” (мағынасы: «Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Аллаһ! Міне, мен Сенің алдыңдамын! Міне, мен Сенің алдыңдамын, әрі Сенің серігің жоқ! Міне, мен Сенің алдыңдамын! Ақиқатында, Саған мақтау-мадақ тән, әрі нығметтер мен патшалық Сенікі! Сенің серігің жоқ!», — редактордың ескертпесінің соңы}. 

Егер қажылық жасаушы қандай да бір себептің, мысалы, науқас немесе қорқыныштың оған қажылығын соңына дейін орындауға кедергі жасауынан қауіптенсе, онда ол тәлбийяны айтуда Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйреткен: «اللهم مِحِلّي حيث حبستني «Аллаһумма михилли хайсу хабастани» (мағынасы: «Уа, Аллаһ, менің ихрамға кіруім Сен мені ұстап қалған жерде») деген сөздерін айтып, өз қажылығын Аса Жоғары Раббысының алдында шартты етуіне болады. Сондықтан да егер қажылық жасаушы осылай істеген болса, әрі қандай да бір нәрсе оны ұстап қалса, немесе ол ауырып қалса,   онда оған қажылық не умра жасау кезінде ихрам халінен шығуына болады.  Әрі ол өтеу ретінде құрбан шалуы және қажылығын қайтадан жасауы қажет емес, тек егер бұл оның ең бірінші, парыз қажылығы болмаса ғана, ал егер бұл бірінші, парыз қажылық болса, онда оны қайта жасау қажет болады.

— Сондай-ақ хадисте кісі тәлбийяны көлікке отырысымен бастауы керек дегенге нұсқау бар. Ал тәлбийя айтуды, егер ол ифрад немесе қиран қажылығын жасаушы болса – тас лақтырып болған соң, ал егер ол тәматтуғ қажылығын жасаушы болса – Меккенің үйлерін көрісімен аяқтайды. Бұған сенімді хадистер нұсқайды.

[3] Осы мәселеге қатысты ән-Нәуауидің айтқан сөзі бар, әрі біз оны ықшамдап келтіреміз: “Осы жерде салтты түрде де, жаяу да қажылық жасауға рұқсат етілетініне нұсқалады. Бұл туралы ғалымдар бір ауызды келісімде болған. Келіспеушілік тек осы екі әдістің қайсысы абзалырақ дегенге қатысты туындаған. Ғалымдардың басым бөлігі қажылықты Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесіне ілесіп, салтты  атқарған жақсырақ деп есептеген. Бұдан тыс, қажылық рәсімдерін орындау жеңілірек әрі шығындар да көбірек болады. Дәуд: «Жаяу адамдар бастан өткізетін қиындықтарына байланысты  көбірек сауап алуға лайықты» деген тұжырым қате, мүмкін, (осыда) қиындықтар болмауы себепті», — деген екен».

Осыдан шыға келе, қажылық жасаушыға әуе көлігін пайдалануына рұқсат ғана емес, бұл абзалырақ екендігін  білу керек, кері пікір айтушылардан айырықша. Ал: «Ақиқатында, салтты жүрген қажы өзінің жануарының әрбір қадамына жетпіс, ал жаяу жүруші өзінің әрбір қадамы үшін жеті жүз сауап алады» деген хадиске келер болсақ, ол әлсіз әрі дәлел ретінде қолдануға жарамсыз. Бұл хадис сондай-ақ «Жаяу жүргіншіге жетпіс қажылықтың сауабы тиісті, ал салттыға – отыз (қажылықтікі)» деген мәтінмен де жеткізіледі. Бұл риуаят бірінші хадистен де әлсіз.  Қз.: «Силсиләт әл-Ахадис әд-Даи’фа» (№ 496-497)

Шейх әл-Ислам Ибн Таймиййя, Аллаһ оны рақым етсін, “Мәнасик әл-Хажда” бұл мәселедегі даналық адамдардың өздерінің (қажеттіліктеріне) тәуелді: (яғни) «біреулер үшін қажылықты салтты, ал басқалар үшін жаяу жасау жақсырақ» екенін айтқан.

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – аудармашының ескертпесі): бәлкім, осы пікір — ақиқатқа ең жақынырағы, – деймін.

[4] Бұл сөздерде Пайғамбар ғана (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларға өзіне уахи етіліп жатқан Қасиетті Құран аяттарының мән-мағынасын түсіндірушісі болғанына астарлы ишара бар. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), басқа адамдардан айырықша, аяттарды шынайы білімнің негізінде дұрыс тәпсірлей және түсіндіре алатын жалғыз адам еді.  Тіпті сахабалар да, Аллаһ оларға разы болсын, оларға Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген білімсіз амалдай алмас еді. Осы себепті де қоштасу қажылығы кезінде де, басқа құлшылықтарды орындау барысында да, сахабалар, оларға Аллаһ разы болсын, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізінен мұқият бақылайтын, әрі оның әрбір іс-әрекетін дәлме-дәл қайталайтын. Осыда адамдардың екі тобына қарсы дәлел бар:

а) Араларында Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен, оның басшылығынан және түсіндіруінен «аян етілетін білім» үшін бас тартатын сопыларға, олар мұны «Жүрегім маған Раббымнан хабарлады!» деген сөздермен түсіндіреді. Іс әш-Ша’аранидің “әт-Табақат әл-Кубрада” олардың (экстазға кіріп кеткен – автордың ескертпесі) шейхтарының кейбіреулері біздікінен басқаша Құранды оқитынын әрі сауабын қайтыс болған мұсылмандарға бағыштайтынын жеткізеді!!!

б) Құранның оларға ешқандай қатысы жоқ болса да (өздерін Құранға телитін – аудармашыдан – (қаз.)) «құраншыларға». Олар: «Құранды түсіну үшін Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде ешқандай қажеттілік жоқ, тек араб тілін және оның ережелерін білсең болды», — деп айтады. Алайда Жәбирдің және басқа да сахабалардың хадистерінен айқын болатыныдай, олар тап-таза арабтардан шыққан болса да және Құран олардың тілінде түскен болса да, бұл білім оларға жеткіліксіз еді. Ал «құраншыларды» жақтайтындарға келер болсақ, олардың барлығы немесе басым бөлігі араб та емес. Ақыр аяғында олардың жоғарыда аталған түсінігі олардың Исламнан шығып, жаңа дін құруына алып келді. Олардың «намазы» біздің намазымыздан, олардың «қажылығы» біздің қажылығымыздан, олардың «оразасы» біздің оразамыздан айырықша.  Мен білмеймін, бірақ олардың ақидасына да қатысты да осылай болуы мүмкін. Олар алғашында да Үндістанда пайда болып, кейіннен Мысыр мен Сирияға тарады. Өз кезінде мен олардың авторы белгісіз “әд-Дин” («Дін») деген кітабын оқығанмын. Кім осы кітапты оқып шықса, олардың адасушылығына және ислам дінінен шығып кеткеніне көзі жетеді. Аллаһ мұсылмандардың осы екі топқа кіріп кетпеуі үшін жеткілікті!

[5] Тәлбийяны бірқұдайшылық сөздері деп атаудың себебі көпқұдайшылдар өздерінің тәлбийяларында көпқұдайшылық сөздерін қосып айтатынында еді.

Таухид бұл барлық пайғамбарлар уағыздап-шақырған нәрсе: وَمَا أَرْسَلْنَا مِن قَبْلِكَ مِن رَّسُولٍ إِلَّا نُوحِي إِلَيْهِ أَنَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنَا فَاعْبُدُونِ «(Мухаммад) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз, Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Ендеше, Маған ғана құлшылық етіңдер», — деп қана уахи етіп, жібердік» («Әнбийя» сүресі, 25-аят).

«Ләббәйкә» сөздері шақырудан кейінгі (сол шақыруға берілген – аудармашыдан (каз.)) жауаптың мағынасына нұсқайды, яғни «Міне, мен Сенің алдыңдамын». Яғни «Мен Сенің алдыңдамын, саған мойынсұнуға дайынмын». Алайда егер біреу: «Ал Аллаһтың ихрамға кіруші адам оған жауап беруге тиісті шақыруы қайда?», — деп сұраса, біз оған: “Аллаһ Тағаланың «وَأَذِّن فِي النَّاسِ بِالْحَجِّ يَأْتُوكَ رِجَالاً وَعَلَى كُلِّ ضَامِرٍ يَأْتِينَ مِن كُلِّ فَجٍّ عَمِيقٍ» «Адамдарды хажға шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді» деген сөздерінде”, — деп жауап береміз.  Яғни адамдарды шақыр, әрі олар саған жаяу және көлік үстінде келсін.

«Аллаһуммә», яғни Аллаһ Тағаланы: «Уа, Аллаһ», — деп шақыру.

«Ләббәйк», растау үшін қайталау. Яғни «Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Аллаһ! Міне, мен Сенің алдыңдамын!»

«Міне, мен Сенің алдыңдамын, әрі Сенің серігің жоқ!» Яғни Сенің еш нәрседе серігің жоқ. Тәлбийяда ғана емес, бүкіл нәрседе. Сенің билікте серік жоқ, Сенің құлшылықта серігің жоқ, Сенің Есімдерің мен сипаттарыңда серігің жоқ. Мен Сенің алдыңда ықыластымын, мен қажылықты рия (көз бояушылық) немесе атақ-даңқ үшін үшін жасамаймын. Мен оны ақша немесе тағы да бір басқа нәрсе үшін жасамаймын. Ақиқатында, менің қажылығым тек Сен үшін, әрі мен тек Саған ғана жауап беремін.

«Ақиқатында, Саған мақтау-мадақ тән, әрі нығметтер мен патшалық Сенікі! Сенің серігің жоқ!» Егер адам осы тәлбийя туралы ой қозғаса, оның шындығында да өзіне бірқұдайшылықтың барлық түрлерін қамтыған бірқұдайшылық сөздері екенін түсінеді.

[6] Қажыға тәлбийя айтқан кезінде дауысын көтеру бұйырылған, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Маған Жәбірейіл келді де, сахабаларым мен жанымдағы адамдарға тәлбийя айтқан кезде дауыстарын көтеруді бұйыруыма әмір етті». Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең жақсы қажылық – бұл тәлбийя (сөздерін) қатты дауыспен айту және құрбандықтың қанын ағызу», — деген. Сондықтан да, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары ихрамға кірген соң әр-Рауха деген жерге жетпей-ақ дауыстары қарлығып қалатын. Әйелдердің тәлбийясына келер болсақ, әйелдер (бұл мәселеде) ерлер сияқты, өйткені жоғарыдағы екі хадис жаппай сипатқа ие. Сондықтан оларға да дауыстарын көтеру керек, тек егер осы (әйелдердің дауыстарын шағаруы) фитна тудырмаса ғана. Мысалы, Айша дауысын оны басқа ер кісілер еститіндей көтеретін. Абу ‘Атыйа былай деген: «Мен Айшаның: “Ақиқатында, мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәлбийясы қандай болғанын білемін», — дегенін естігенмін, содан соң мен оның: “Ләббәйк Аллааһуммә ләббәйкә!… (әрі соңына дейін)”, — деп тәлбийя айтқанын да естігенмін».

[7] Редактордың ескертпесі: «әл-Мә`ариж» сүресі, 3-аятпен салыстырыңыз.

[8] Бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәлбийясына басқа да (мағыналас) сөздерді қосуға болатындығына айғақ болады, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалардың іс-әрекеттерін өзінің үнсіздігімен құптады. Тура осы туралы имам Мәлик пен әш-Шәфии айтқан. Сонымен бірге имам Ахмад Ибн Аббастың: “Осыда тоқта (әрі еш нәрсе қоспа), өйткені Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәлбийясы осындай”, — деген сөздерін келтірген. Бұл хабардың жеткізушілерінің бірі әлсіз болуына қарамастан, кейбір қазіргі заман ғалымдары оның иснадын сенімді деген. Десе де Абу Һурайрадан жеткізілетін, онда ол Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтатын тәлбийя сөздерінің ішінде  “Ләббәйкә Иләһә-л-Хаққ” (мағынасы: «Міне, мен Сенің алдыңдамын, уа, Ақиқаттың Құдайы») деген сөздердің де бар екендігін хабарлаған сахих хадис бар. Бұл хадисті ән-Нәса’и мен басқа (мухаддистер) келтірген.

Тәлбийя пенденің Аллаһ Тағаланың Өз жаратылыстарына жолдаған шақыруына берген жауабы болып табылады. Аллаһ Ибраһим пайғамбар арқылы (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Өзінің жаратылыстарын  (Қасиетті) Үйіне қажылық жасауға шақырды (қз.: «Хаж» сүресі, 27-аят – редактордың ескертпесі). Тәлбийяны айтушы қажы мойынсұнған түрде: «Ләббәй-кә, Аллаһуммә, ләббәй-кә …», — яғни, —  «Мен Сенің Даналығыңа бағынып және әркез кешікпей және саспай Сенің әміріңе мойынсұнып, Сенің шақыруыңа жауап беремін!», — деп, Аллаһтың шақыруына асығады. Бұл туралы шейх әл-Ислам (Ибн Таймийя) айтқан.

[9] Осыда тәлбийяны тоқтаусыз қайталай берудің қажеттілігіне нұсқау бар, өйткені, біріншіден, ол «қажылық рәсімдеріне» жатады, ал, екіншіден, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Тәлбийя айтушы оның сөздерін айта бастаған мезетте-ақ, оның оң және сол жағындағы нәрселер: ағаштар, тастар мен кесектер – осы жерде де, ана жерде де оның оң және сол жағындағы жер біткенше бірден тәлбийя айта бастайды» Мұны әсіресе қажылық жасаушы адам қандай да бір төбеге көтерілетін немесе жазыққа түсетін кезде жасауы қажет. Бұған (…): «Мен Мусаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) тәлбийя (сөздерімен) Аллаһты қатты дауыспен шақырып, төбеден түсіп келе жатқанын көріп тұрғандаймын», — деген хадис нұсқайтындай. Ал басқа хадисте: «Мен оның тәлбийя айтып жазыққа түсіп келе жатқанын көріп тұрғандаймын», — деп жеткізіледі. Тәлбийяға қоса тәхлил (яғни «Лә иләһа иллә-Ллаһ» сөздері — аудармашының ескертпесі) сөздерін де қоса айтуға болады. Өйткені Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын): «Мен Аллаһ Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге шықтым, әрі ол үлкен бағанаға (жамрат әл-ақабаға) тас лақтырмайынша тәлбийя айтуын тоқтатпады, тек тәлбийяға қоса ол тәкбир (яғни «Аллаху Әкбар» сөздері – аудармашының ескертпесіне тәхлил айтқанынан басқа», — деген.

[10] Мен (яғни шейх әл-Әлбани – аудармашының ескертпесі) былай деймін: бұл қоштасу қажылығының басында, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сахабаларына қажылық айларында умра жасаудың (шариғи тұрғыдан – ауд. (қаз.)) заңды екеніне нұсқаудан бұрын орын алды, бұған көптеген хадистер айғақ болатынындай. Олардың арасында, мысалы, Айша жеткізген мына хадис бар: «Біз (қоштасу қажылық жылында) Аллаһ Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жолға аттандық, әрі ол: Сендерден кім қажылық пен умраны жасағысы келсе, оларды жасай берсін. Кім умраны жасағысы келсе, оны жасай берсін”, — деді». (Әрі қарай) Айша: «… мен умра жасауды ниет еткендердің қатарында болдым», — деді.  Бұл туралы әл-Бухари мен Муслим жеткізген. Хадистің мәтіні Муслимнің баяндауында келтіріледі.

[11] Әт-Тан’имнен алыс емес жерде орналасқан мекен. “Ән-Ниһайяда” былай деп айтылған: “Ол Меккеден он миль қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ осы жердің Меккеден азырақ және көбірек қашықтыққа орналасқандығы туралы да айтылады».


You may also like...