53- Әт-таруия[1] күні келгенде, [(сахабалар) Меккені тастап,] Минаға аттанды[2] әрі [әл-Әбтах деген жерде] қажылық (жасау ниетімен) тәлбийя айтты[3]«.

54- [Ол былай деді: “Кейін Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаның (Аллаһ оған разы болсын) жанына кірді де, оның жылап отырғанын көріп: «Саған не болды?», — деп сұрады. Ол: “Менің еттеккірім (келе бастады). Адамдар ихрам халінен шықты, ал мен шықпадым. Мен сондай-ақ (Аллаһтың) Үйін тауап жасамадым, ал қазір адамдар қажылыққа аттанып жатыр», — деп жауап берді. Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: “Ақиқатында, бұл нәрсе Адамның қыздарының тағдырына жазылған. Сондықтан да ғұсыл құйын, сосын ихрам халіне кір де, қажылық (жасау ниетімен) тәлбийя айт[4] [, кейін қажылық жаса да, қажы істейтін нәрселердің барлығын істе, бірақ тек (Аллаһтың) Үйін тауап жасама және намаз оқыма”][5]. (Айша:) «Мен дәл солай істедім» (, — деді)]. (Хадистің басқа бір нұсқасында: «Әрі ол (Аллаһтың) Үйін тауап жасаудан басқа қажылық рәсімдерінің барлығын орындады», — деп айтылады].

55- Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Минаға) мініс жануарының үстінде барды[6] әрі онда (яғни Минада (ал хадистің нұсқаларының бірінде: «бізбен бірге», — деп айтылады)) бесін (зухр), екінті (‘аср), ақшам (мағриб), құптан (‘иша) және таңәжр) намаздарын оқыды[7].

56- Кейін ол күн шыққанша сол орнында азғантай уақыт тұрақтады[8],

57- әрі Нәмира[9] (тауында) [өзі үшін] шатыр орнатуды бұйырды.



[1] Редактордың ескертпесі: яғни зул-хижжа айының 8-күні.

[2] Ән-Нәуауи былай деді: “Осы сөздерде Минаға алдын ала, (яғни) әт-тәруия күніне дейін ығысу Сүннетке қатысы жоқ екеніне нұсқау бар. Имам Мәлик те мұны сөккен”.

[3] Яғни ихрам халіне кірді. Қажылық жасаушыға Меккенің кез келген жерінде ихрамға кіруіне рұқсат етіледі, әрі ихрамға кіру үшін арнайы бір орын таңдауына рұқсат етілмейді. Ихрамға кірген соң қажы умрада істеген амалдарын істейді. Алайда оның тәлбийясы енді умра үшін емес, қажылық үшін болады. Қажы умра жасау үшін ихрамға кірген микатта не істеген болса, соны істейді: ғұсыл құйынады, денесіне хош иістер жағады, изар мен рида киеді және тәлбийя айтады.  Қажы үлкен бағанаға (жәмрат әл-ақаба) тас лақтырмайынша тәлбийя айтуын тоқтатпайды (толығырақ 44-сілтемені қараңыз!).

[4] Яғни ол ихрам халінен шықпандығына қарамастан, ғұсыл құйынып, қажылық жасау ниетімен қайтадан ихрамға кіруге тиісті.

[5] Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: осы сөздерде әйел кісінің етеккірі келген кезінде Құран оқуына рұқсат етілетініне дәлел бар. Қажы атқаратын ең жақсы амалдардың біріне, күмәнсіз, Құран оқу жатады, ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға Қағбаны тауап ету мен намаздан басқа қажылықта атқарылатын барлық істерді рұқсат етті. Ал егер Құран оқуға тыйым салынған болғанда, онда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған намазға қатысты шариғи норманы түсіндіріп бергеніндей, осыны да міндетті түрде түсіндіріп берер еді. Бұдан қалса Құран оқу туралы мәселені осы жерде ең бірінші кезекте осылай істеуге тыйым салатын мәтіндік куәліктің (насс) болмауымен түсіндіру керек.  Бұл мәселе бойынша, (етеккір келген кезде) намазды орындауға тыйым салынғандығынан айырықша, ғалымдардың бірауызды келісімі (ижма`) жоқ. Сондықтан да, егер Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған намаз оқуға тыйым салып, Құран оқу туралы еш нәрсе айтпаған болса, онда бұл жайт оған Құран оқуға рұқсат етілетіндігіне айғақ болады, өйткені фиқһ негіздері ғылымынан белгілі бір уақытта белгілі бір мәселені түсіндіруге деген қажеттілік туындап жатса, оны кешіктіруге жол берілмейтіні белгілі.  Осы қағида фиқһ негіздері ғылымында мығым орнатылған, әрі осы түсіндірме, Аллаһқа мадақ, белгісіз бір нәрсе болып табылмайды.

Ал “Жүніп күйіндегі адам мен еттеккірі келген әйел Құран оқымасын!” деген хадиске келер болсақ, ол әлсіз. Имам Ахмад оны өтірік хадис деген.

Осы жерде әйелдердің етеккіріне қатысты кейбір мәселелерді қозғағымыз келді.

1-    Егер әйелде етеккір келуі (хайд) немесе босанғаннан кейінгі қансырау (нифас)  басталса, бұл жайт оның ихрамға кіріп күтуіне кедергі болмайды. Әрі егер ол Меккеге жетуге дейін тазарса, онда қажы орындауға тиіс амалдың барлығын орындайды.

2-    Ал егер оның етеккір келуі бітпесе, онда оның екі жағдайы бар: не ол зул-хижжаның 8-не дейін бітеді, әрі ол біткен бойдан ол умра жасайды; не (зул-хижжаның 8-не дейін) бітпейді, әрі бұл жағдайда ол Үйді тауап ету мен намаз оқудан басқа қажы орындауға тиіс амалдардың барлығын орындайды, яғни ифрад қажылығын жасайды.

3-    Ғалымдар етеккір келген кезде қоштасу тауапын (тауаф уада’) жасаудың міндеттілігі түсетініне бірауызды келіскен.

4-    Әйел кісіге негізгі тауапты (тауаф ифада) қалдыруға тыйым салынады. Ендеше, ол не істеуі керек? Егер ол күте алса, тазарғанынша күтуге міндетті, әрі тіпті егер ол басқа қалаға кетсе де, ихрам халінде қала береді, және етеккірі тоқтаған бойда ол кері қайтуға міндетті. Егер ода ұшағының үшып кетуі т.с.с. себепті күту мүмкіндігі болмаса, мұндай жағдайда,  көпшілік ғалымдар айтқанындай, оған тауап жасауына рұқсат етіледі. Өйткені тахарат тауап үшін уәжіп, бірақ оның жарамдылығының шарты және рүкіні болып табылмайды. Ал ол тек осыны істей алатын адам үшін ғана уәжіп.

5-    Айша ифрад қажылығын жасады. Әрі кімнің жағдайы Айшаның жағдайы іспеттес болса, Айша істеген нәрсе оған да рұқсат етіледі. Мысалы, адам зул-хижжаның сегізінші күні таңертең Мәдинададан тәматтуғ қажылығын жасау ниетімен келе жатты, бірақ жолда белгілі бір нәрсе орын алды да, ол тек түстен кейін келді.  Ал адамдардың біздің кезімізде істеп жатқан нәрсесі, яғни умраны «Айша» мешітінен бастап қайта жасауы, Құранда да, Пайғамбар Сүннетінде де, сахабалардың іс-әрекеттерінде де нұсқалмаған   бидғат болып табылады.

[6] Бұл сол жерлерде жаяу жүргенге қарағанда, мініс жануарымен жүру жақсырақ екеніне нұсқайды. Жалпы айтқанда, қажыға жаяу жүргенге қарағанда салтты жүрген жақсырақ.

[7] Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намаздардың арасын қоспайтын, әрі әрқайсысын өз уақытында орындайтын. Алайда егер қажеттілік болса, олардың (қосып оқуға болатындарын) қосып оқудың оқасы жоқ.

[8] Бұл Минада түнеу әрі күн шыққанға дейін одан тыс шықпау Сүннетке жататынына айғақ болады.

[9] Ибн әл-Асир ән-Нәмираға қатысты былай деді: «Бұл (Исламға дейінгі надандық дәуірінде) Қорықты аймақ пұттары үшін құрбан шалатын Арафат жанында орналасқан бағаналар (әл-ансаб) тігілген тау». Нәмира Арафат (алқабының) бөлігі емес.