Қажылыққа барушыға ізгі кеңестер. Бесінші кеңес

Қадірменді ғалымдарымыз қажылармен Қасиетті Мешіттердегі және басқа да құт-берекелі жерлердегі бағалы кездесу сағаттарын  оларға қажылықтың қажетті рәсімдері мен оның ережелерін Аллаһтың Кітабына және Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес үйрету үшін пайдаланулары қажет. Сонымен бірге бұл оларды сол үшін бүкіл пайғамбарлар жіберілген және Қасиетті Кітаптар түсірілген Исламның негіздерін, яғни бірқұдайшылықты насихаттаудан басқа жаққа бұрып алып кетпеуге тиіс.  Бізге кездескен көптеген қажылар, — олардың ішінде тіпті өздерін ғалым деп санайтындары да бар, — бірқұдайшылықтың мәні және онымен қандай ширк амалдары сәйкес келмейтіндігі туралы мүлде бейхабар. Сондай-ақ біз көптеген қажылардың мұсылмандарды, олардың түрлі мазһабтарына және топтарының көптігіне қарамастан, ақида, фиқһ мәселелерінде, қоғамдық қатынастарда, адамгершілік тәрбиеде, саясатта, экономикада, өмірдің басқа да салаларында Құран мен Сүннетке негізделген шынайы іс-әрекетпен айналысуға қайтаруға қатысты толық салғырттық танытатынын да байқадық. Ал мұсылмандар осы шынайы негізге және осы Тура Жолға сүйенбесе, онда қандай қайта өрлеуді күтіп, қандай оңалу туралы сөз етуге болмақ?!  Дәл сондықтан да мұсылмандар өз іс-әрекеттерінен қорлық пен әлсіздіктен басқа ешқандай жеміске жете алмауда, ал біздің кезімізде орын алып жатқан жағдайлар осының айғағы болуда. Әрі біз тек Аллаһқа ғана көмек сұрап жалбарынамыз!

Кейде ақиқатқа шақыру барысында азды-көпті дәрежеде айтысуға тура келіп жатады, ал ол ең жақсы үлгіде жүргізілуге тиіс. Бұл туралы Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ былай дегендей:

ادع إلى سبيل ربك بالحكمة والموعظة الحسنة وجادلهم بالتي هي أحسن

«Рабыңның жолына даналық және ізгі насихатпен шақыр, әрі олармен айтысуды ең көркем үлгіде жүргіз!» («ән-Нәхл», 125-аят).

Әрі Аллаһ Тағаланың

… فلا رفث ولا فسوق ولا جدال في الحج

«…қажылық кезінде әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жоқ» («әл-Бақара» сүресі, 197-аят) деген сөздерін дәйек ретінде келтіретін надандардың қарсылықтары сені осыдан қайтармасын, өйткені қажылық кезінде тыйым салынған айтысу, тек қажылық кезінде ғана емес, басқа да кез келген уақытта тыйым салынған  (осы аятта аталған) күнәлар сияқты. Олар келтірген қасиетті аят одан алдын келтірілген, айтысуды ең көркем үлгіде жақсы дәйектермен жүргізуді бұйыратын аяттан айырықша, өтірік айтысуларға тыйым салады.

Ибн Хазм, Аллаһ оған рақым етсін, былай деген (7/196): “Айтысу екі түрлі болады: біріншісі – ақиқатқа жетелейтін міндетті (айтысу); ал екіншісі – жалған (айтысу). Ақиқатқа ұмтылып айтысуды ихрам халінде де, одан тыс та жүргізу қажет, ал бұл Раббының жолына шақыруды, ақиқатты анықтап жалғанды тойтаруға ұмтылуды білдіреді, өйткені Аллаһ Тағала: «Раббыңның жолына … шақыр», — деді. Тура сол сияқты, кім ақиқатты анықтау үшін немесе Аллаһ үшін емес, басқа бір нәрсе үшін айтысулар жүргізіп, осы орайда өзінің ихрам халінде екенін білсе де, қасақана түрде өтірікке жүгінетін болса, сол ихрам мен қажылықтың қасиеттілігін бұзады, өйткені Аллаһ Тағала: «Қажылық кезінде … жанжал жоқ», — деді”.

Кейбір салиқалы сәлафтар осы аятта аталған «жанжалдың» астарында қарсыластың жүрегінде ашу-ыза туғызатын тартыс-керістер меңзеледі деген. Осы пікірді қолдап, Ибн Қудама “әл-Муғниде” (3/296) бұл пікірдің ислам ғалымдарының басым бөлігіне тиісті екенін айтқан.

Бұл сөздің басқа да түсіндірмесі бар: кейбір ғалымдар, нақты айтқанда, Ибн Жәрир (әт-Табари), содан соң Ибн Таймийя “Мәжму әр-Расаил әл-Кубрада”(2/361) жоғарыда келтірілген аяттағы талас-тартыс жүргізуге деген тыйым тек қажылық уақыты мен оның рәсімдеріне қатысты деген. Алайда біз осы аяттың астарында тек осы мағына меңзеледі деп есептемейміз, ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі!

Алайда сонымен бірге ақиқатқа шақырушы адам өз пікірін соқыр түрде ұстанатын адамдармен тартысудың пайдасыз екенін, ал тартысуды ұзаққа созып жіберу орынсыз нәрселерге келтіретінін түсінгені жөн. Мұндай жағдайларда осындай талас-тартыстарды қалдырған жақсырақ болады, өйткені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен өзінікі тура бола тұра айтысуды тастаған адамға Жәннаттың төңірегінен үйге (ие болатынына) кепілдік беремін», — деген. Бұл хадисті Абу Дауд жақсы иснад арқылы Абу Умамадан жеткізген, сондай-ақ әт-Тирмизи де осыған ұқсас хадисті Әнастан келтіріп, оның иснадын хасан деген.

Аллаһ Тағала барша мұсылмандарға Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін үйренуге және оған ілесуге көмек берсін!

 

You may also like...