Арафат (күні) айтылған құтпа

60- Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға құтпа[1] айтып, онда былай деді:

Ақиқатында, осы күн, осы ай және осы жер қасиетті болғаны сияқты, – сендердің қандарың және сендердің мал-мүліктерің де сондай қол сұғылмайтын және қасиетті!  [Әрі] [, ақиқатында,] жәхилиет  (исламға дейінгі надандық) кезінде [осы] менің аяқтарымның астында істелгендердің барлығына енді тыйым салынады![2] Жәхилиет кезінде төгілген қан үшін өш алуға тыйым салынады, әрі мен басқалардан бұрын (біздің туысқанымыз) Раби’а ибн әл-Харистың ұлы [ибн Абд әл-Мутталибтің] қаны үшін өш алуға тыйым саламын! Ол бану Са’д тайпасынан болған емізетін әйелге тәрбиелеуге берілген еді, ал Хузәйл тайпасы оны өлтірді!

Жәхилиет дәуіріндегі өсімқорлыққа тыйым салынады, әрі барлығынан бұрын мен біздің руымыз – ‘Аббас ибн ‘Абд әл-Мутталиб алатын өсімге тыйым саламын. Бүгіннен бастан өсімқорлыққа толығымен тыйым салынды![3]

Әйелдеріңмен қарым-қатынас жасауларыңда Аллаһтан қорқыңдар, өйткені сендер оларды Аллаһтың аманат етіп беруі арқасында алдыңдар [хадистің басқа нұсқасында: «…өйткені сендер оларды Аллаһтан берілген аманат ретінде алдыңдар», — деп айтылады][4], Аллаһтың Сөздеріне сәйкес оларды өздерің үшін хәлал еттіңдер және ие оларға болдыңдар[5]! Әрі [, ақиқатында,] сендер олардан өздеріңнің төсектеріңе сендерге ұнамайтын адамдардың отыруына рұқсат етпеулерін талап ете аласыңдар[6], ал егер олар осыны істесе оларды ұрыңдар, бірақ қатты емес[7]. Ал олар сендерден өздерін лайықты түрде (немесе ғүрыпқа сәйкес) тамақтандыруларыңды және киіндірулеріңді талап етуге құқықты!

[Ақиқатында,] мен сендерге егер содан ұстансаңдар – ешқашан адасушылыққа түспейтін нәрсені тастап бара жатырмын: ол – Аллаһтың Кітабы![8]. Сендерден мен туралы сұрайды [басқа бір айтылу үлгісінде: «Сендер мен туралы сұраласыңдар», — деп жеткізіледі], сонда сендер не айтасыңдар?» Адамдар: «Біз сені [өз Раббысының жолдауын] жеткізді, (пайғамбарлық міндетін) орындады, [өзінің үмметіне] дұрыс насихаттар берді  [және (Аллаһ тарапынан) жүктелген нәрселерді орындады] деп айтамыз», — деп жауап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұқ саусағын көкке қаратып көтерді де: «Уа, Аллаһ, (мұны) раста! Уа, Аллаһ, (мұны) раста! Уа, Аллаһ, (мұны) раста!», — деді.[9]



[1] Бұл үшінші құтпа болатын. Алайда бұл құтпа қажылықтың рәсімі болғанымен ерекшеленеді, ал одан алдыңғы екеуі үйрету құтпалары болатын.

Жоғарыда айтылғандай, бұл құтпа жұма құтпасы емес еді. Сондықтан да оны екіге бөлмеу керек. Сондай-ақ егер Арафат күні жұма күніне түссе, сол қажылық 72 қажылыққа тең деген хадис өтірік хадис болып табылатынын да айта кеткен жөн.

[2] Әрі қарай тізбектеп айтылатын нәрселер (қантөгіс, риба (өсімқорлық), әйелдерге жаман қарым-қатынас жасау, әйелдердің бөгде адамдарға деген қатынасы) жәхилиет әдеттерінен болатын.

[3] Бұл айтылған сөздің мағынасы бастапқы капиталға қандай да артық нәрсе (өсім т.с.с. ретінде) қоса есептеуге қатаң тыйым салынатындығында. Аллаһ Тағала былай деді:

وإن تبتم فلكم رؤوس أموالكم

«Ал егер тәубе етсеңдер, онда сендерге бастапқы капитал қалады» («әл-Бақара» сүресі, 279-аят). «Тыйым салынады» деген сөздермен өсімқорлықтың тәрк етілетіні (әр-радд) және оның күші жойылатыны (әл-ибтәл) меңзеледі.

[4] Бұл сөздерде әйелдердің құқықтарын қорғауға, оларға (өз мүлкіңді) өсиет етіп қалдыруға және оларға жақсы қарым-қатынас жасауға ынталандыру бар. Әйелдерге (мал-мүлікті) өсиет етіп қалдыру, олардың құқықтарын орындау, сондай-ақ олардың құқықтарын бұзуға тыйым салынғандығы туралы көптеген хадистер айғақ болады.  Бұл туралы толығырақ білгісі келгендер имам әл-Мунзиридің “әт-Тарғиб уа әт-Тархиб” (3:71-74) еңбегіне, сондай-ақ имам ән-Нәуауидің “Рияд әс-Салихин” («Ізгілердің бақтары») енбегіне жүгінсе болады.

[5] «Шарх «Сахих» Муслимде» (Муслимнің «Сахих» жинағына жазылған түсіндірмеде) осы сөздің мағынасының төрт түрлі түсіндірмесі келтіріледі. Олардың ішіндегі ең дұрысы – «Осы жерде Аллаһ Тағаланың

»فانكحوا ما طاب لكم من النساء«

«Өзеріңе үнайтын әйелдерге үйленіңдер» («ән-Ниса» сүресі, 3-аят) деген сөздері меңзеледі» дегені.

[6] Осы сөздердің ең жақсырақ көрінетін түсіндірмесі келесідей: сендерге ұнамайтын адамдардың ешқайсысына: ол бөгде еркек, әйел немесе әйеліңнің қандас туысы болсын — сендердің үйлеріңе кіруге және оның ішінде болуға рұқсат етілмейді. Бұл тыйым, осы туралы имам ән-Нәуауи айтқандай, жоғарыда аталған тұлғалардың барлық санатын қамтиды.

[7] Бұл сөздің мағынасы – егер олар осылай істесе, онда оларды ұрыңдар, бірақ қатты емес, әрі оларға жаны ауыратындай тимеңдер.

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: тәрбиенің бұл түрі, ең соңғы мәжбүрлі шара ретінде, ерлердің әйелдер үстінен қамқоршылық жасауына нұсқайды, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деп айтатындай:

»الرجال قوامون على النساء بما فضل الله بعضهم على بعض وبما أنفقوا من أموالهم فالصالحات قانتات حافظات للغيب بما حفظ الله واللاتي تخافون نشوزهن فعظوهن واهجروهن في المضاجع واضربوهن فإن أطعنكم فلا تبغوا عليهن سبيلا إن الله كان عليا كبيرا«

«Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені Аллаһ бірін-бірінен артық етті. Сондай-ақ олар малдарынан да пайдаландырады (әйелдерге мәһр, нафақа береді). Ал енді жақсы әйелдер — бой ұсынушылар, Аллаһ қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар. Ал сондай-ақ әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және оларды төсектеріңде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды ұрыңдар. Ал егер олар сендерге бой ұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер. Расында, Аллаһ өте Жоғары, тым Ұлы» («ән-Ниса» сүресі, 34-аят).

[8] Мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) былай деймін: ”Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ақиқатты айтты, өйткені мұсылмандардың соңғы ұрпақтарынан болған адамдар Аллаһтың Кітабынан ұстануды және Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне ілесуді қойып, адасушылыққа түсті әрі тура жолдан тайды. Бұл нәрсе адамдардың пікірлері мен олардың мазхабтары олардың арасында өзара келіспеушіліктер туындағанда жүгінетін негізге айналған кезде орын алды.  Олар Аллаһтың Кітабынан және Сүннеттен өздерінің пікірлеріне және мазһабтарына сәйкес келетін нәрселерді алып, олармен сәйкес келмейтіндерінен бас тартатын болды. Олардың кейбіреулері: «Біздің мазһабымызға қайшы келетін кез келген хадис, күші жойылған болуы әбден ықтимал», — деп айтуға дейін барды. «Бұл үмметтің соңы оның басы түзелген нәрсемен ғана түзеле алады», — деп айтқан имам Мәликті Аллаһ рахымына бөлесін! Сондықтан да мұсылмандар Раббыларының Кітабынан ұстанулары және, Батыста не Шығыста болсын ешбір адамның пікіріне ілеспей, өздерінің барлық істерінде оны басшылыққа алулары қажет”.

[9] Бұл құтпада негізінен адам құқықтарына қатысты мәселелер қозғалған болатын. Өйткені Аллаһ адамдарға Аллаһтың құқықтарына қатысты жіберген қателіктерін тәубе және кешірім сұрау арқылы кешіреді. Әрі адам Арафатта тұрып, Аллаһтан кешірім сұраса, Аллаһ Тағала оған Оның құқықтарына байланысты нәрселерді ғана кешіреді, ал Оның құлдарының құқықтарына байланысты нәрселерді құлдарға қайтару, әрі тек содан соң ғана Аллаһтан кешірім тілеу керек.

You may also like...