Арафатқа қарай жылжу және Намирада аялдау

58- Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолға шыққанда[1], құрайштықтар оның әл-Маш’ар әл-Харамда [Муздалифада] тоқтайтынына күмәнданбайтын, өйткені құрайштықтар Исламға дейінгі надандық (жәхилиет) заманында осылай істейтін[2]. Бірақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Арафат (алқабына) жеткенге дейін тоқтамай жүріп отырды[3]. Ол Нәмира тауында  өзі үшін шатыр орнатылғанын көріп, сонда тоқтады.

59- Түс ауған бойдан ол өзіне әл-Касуаны жетектеп алып келуді бұйырды. Оны алдына алып келгенде [ол оған мініп,] кеуіп кеткен арнаның (уади) ортасына дейін жетті[4].



[1] Арафатқа қарай бара жатқан сахабалар арасында тәлбийя айтқандары да, тәкбір айтқандары да болды, бұл туралы екі «Сахихтың» екеуінде де Әнастан, Аллаһ оған разы болсын, жеткізілетін хадисте хабарланатынындай.

[2] Бұл сөздердің мағынасы мынада: Исламға дейінгі надандық кезеңде құрайштықтар әл-Мәш’ар әл-Харамда, Муздалифадағы Кузах атты таудың  жанында тоқтайтын. Ал қалған арабтарға келер болсақ, олар Муздалифаның үстінен жүріп өтіп, Арафат (алқабында) тоқтайтын. Сондықтан да құрайштықтар  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың ескі әдеті бойынша әл-Мәш’ар әл-Харамда тоқтайды әрі осы орынның жанынан (тоқтамай) жүріп өтпейді деп ойлады.  Алайда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағала оған:

«ثم أفيضوا من حيث أفاض الناس»

Соңсоң қалған адамдар жолға шығатын жерден шығыңдар»), — деп бұйырғандай, құрайштықтар емес, қалған арабтардай өз жолын жалғастырды да,  әл-Мәш’ар әл-Харамға тоқтамастан Арафатқа жеткенге дейін жүре берді.

Құрайштықтар Муздалифада тоқтауының себебі – ол Қорықты аймақтың (әл-Харамның) бір бөлігі болғандығында еді. Осы орайда олар: «Біз Аллаһтың Қорықты аймағында өмір сүреміз, сондықтан да оның сыртына шықпаймыз», — дейтін. Қз.: ән-Нәуауи.

[3] Имам ән-Нәуауи былай деді: “Бұл жерде хадистің жеткізушісі астарлы мағыналы сөйлеп, «…Арафатқа жақындады…» дегенді меңзеп тұр, өйткені мұны оның: «Ол Нәмира (тауында) өзі үшін шатырдың орнатылғанын көріп, сонда тоқтады» деген сөздері түсіндіруде, ал, бұл туралы бұрынырақ айтылғандай, Нәмира Арафаттың бір бөлігі болып табылмайды”.

[4] Бұл уадиУрана деп аталады әрі Арафаттан тыс орналасқан.  Қз.: ән-Нәуауи.

You may also like...