109- [Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: «Ақиқатында, Айша етеккірі келген күйде қажылықтың (Аллаһ) Үйін тауап жасаудан өзге барлық рәсімдерін орындады»].

110- [Ол былай деді: «Ал ол (етеккірінен) тазарған кезде, Қағбаны тауап[1] етті және әс-Сафа мен әл-Мәруа арасын сағи жасады. Содан кейін (Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)) оған: «Міне, енді сен қажылық пен умрадан (кейін) ихрам халінен шықтың», — деді].

111- [Ол (Айша) былай деді: «Уа, Аллаһтың елшісі! Сендер қажылық пен умра жасап, кетіп бара жатырсыздар, ал мен – тек қажылықты ғана ма?»[2]. [Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, сенің (Аллаһтан алатын сауабың) олардың (Аллаһтан алатын сауабына) сәйкес болады».].

112- [Ол былай деді: «Ақиқатында, мен қажылықты орындағаныма дейін жүрегімде (Аллаһтың) Үйін тауап жасамағаным үшін кірбің болатын»]».

113- [Жәбир былай деді: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұмсақ мінезімен ерекшеленетін, сондықтан да егер ол бір нәрсені қаласа, ол оның қалауын орындайтын][3].

114- [Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Абдурахман[4]! Онымен бірге әт-Тан’имге бар, әрі ол сол жерден (шығып) умрасын орындасын», деді.

115- [Әрі ол қажылықтан кейін умра жасады] [да, кейін] әл-Хасба түнінде[5] [қайта оралды]]».]

116- [Жәбир былай деді: «Қоштасу қажылығы кезінде[6] Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түйе үстінде отырып (Аллаһтың) Үйін тауап жасады әрі (Қара) тасқа қисық сапты аса таяғын тигізіп (өтті). (Ол осыны) адамдар оны көрулері, (оның рәсімдерін) бақылаулары және оған өз сұрақтарын қоюлары үшін (істеді), өйткені оның айналасына өте көп халық жиналған еді»].

117- [Жәбир былай деді[7]: «Бір әйел баласын Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарай көтерді де: «Мынау қажылық жасай алады ма[8]?», — деп сұрады. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): Иә, ал саған осы үшін сауап (тиісті)”, — деп жауап берді». {әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Бәйһақи}][9].

Осы жолдар менің ол туралы Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) баяндаған “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылығы” атты зерттеуімді аяқтайды. Кейбір бауырларымыздың кеңесіне ілесіп, Аллаһ оларға игілігімен қайырсын, мен осы кітабымның соңында қажылық рәсімдерінің қысқаша мазмұндамасын келтіремін. Бұл тарау осы рәсімдер туралы білуі және үйренуі қажет болған қажылар үшін ерекше көкейтесті болып табылады.



[1] Яғни Қағбаны негізгі тауап (тауаф әл-ифада) жасау. Әл-Хафиз былай деді (3/480): «Хадистердің барлық риуаяттары оның Құрбан Айт күніне қатысты Қағбаны негізгі тауап (тауаф әл-ифада) жасағанына ұштасады«.

[2] Басқа хадисте оның: «Адамдар екі сауап алып қайтуда, ал мен тек бір сауап алып қайтудамын!», — деп айтқаны жеткізіледі. Айшаның бұл хадисін имам Муслим келтірген.

[3] Бұл сөздер келесі мағынаны қамтиды: «Егер ол дініне жәбір келтірмейтін нәрсені қалайтын болса, мысалы, оның умра жасау туралы т.с.с. өтініштері, ол  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның қалауын орындайтын. Бұл ерлі-зайыптылардың игілікте өмір сүруіне айғақ болады, өйткені Аллаһ Тағала:

وعاشروهن بالمعروف

«Олармен жақсылықпен өмір сүріңдер», — деп бұйырды («ән-Ниса» сүресі, 19-аят). Ал бұл, әсіресе, Аллаһқа деген мойынсұнушылыққа қатысты. Қз.: ән-Нәуауи.

[4] Редактордың ескертпесі: Абдурахман бин Абу Бакр – Айшаның (Аллаһ оларға разы болсын) туған ағасы.

[5] Бұл әт-тәшрик күндерінен соң бірден келетін (яғни зул-хижжаның 13-нен 14-не қараған – редактордың ескертпесі) түн. Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылығы туралы керемет баяндап бергеніне қарамастан, өзінен жеткен хадистерде Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны қоштасу тауабын (тауаф әл-уада’) жасағандығы туралы айтпаған. Алайда бұл туралы Айша (Аллаһ оған разы болсын) өзінің оқиғасының соңында айтып кеткен болатын: «Терең түнде біз үйдің ішіне жайғасқан Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келдік.  Ол менен: «Умраңды аяқтадың ба?», — деп сұрады. Мен: «Иә», — деп жауап бердім. Содан кейін ол сахабаларына жүретінін хабарлап, жолға аттанды. (Аллаһтың) Үйінің жанынан өтіп бара жатып, ол таң намазына дейін оны тауап жасады, ал содан соң Мәдинаға қарай жүрді». Бұл хадисті әл-Бухари, Муслим (хадистің мәтіні оның баяндауында келтіріледі) және Абу Дауд жеткізген. Екі «Сахихта» келген Умардың хадисіне сәйкес Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны қоштасу тауап (тауаф әл-уада’) жасағанда да, негізгі тауап (тауаф әл-ифада/тауаф әс-садр) жасағанда да алғашқы үш айналымын жылдам жүріспен (әр-рамл) жүрмеген.

[6] Бұл хадисте, оқырман байқай алатындай, Қағбаны қай тауап жасалғандығы туралы айтылмайды. Осыдан бұрынырақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаның алғашқы тауабын (тауаф әл-қудум) Меккеге жеткен бойдан жаяу жасағаны туралы айтылған болатын. Ал осы хадисте айтылатын Қағбаны тауап жасауға келер болсақ, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны салтты орындады, бұл халықтың көптеп ағылуына байланысты еді. Сөйтіп, бұл жерде не Қағбаның негізгі тауабы (тауаф әл-ифада), не Қағбамен қоштасу тауабы (тауаф әл-уада’) меңзеліп тұр, ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі.

[7] Бұл хадис сондай-ақ Ибн Аббастан да жеткізілген. Осы хадистің кейбір жеткізу жолдарында бұл сұрақтың Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  Меккеден Мәдинаға қайту кезінде әр-Рауха деген жерде қойылғаны хабарланады. Дәл сондықтан да мен (яғни шейх әл-Әлбани – редактордың ескертпесі) аталған хадисті осы кітаптың соңында келтірдім.

[8] Редактордың ескертпесі: яғни баланың қажылығы жарамды болады ма?

[9] Яғни бұл әйел (бүкіл қажылық барысында) өзімен баласын алып жүргені үшін, сондай-ақ бала ихрамда тыйым салынған нәрселерден тыйылуына және қажы орындайтын амалдарды орындауына ықпал етіп жүргені үшін сауап алады. Ән-Нәуауи былай деді: «Әш-Шәфи’и, Мәлик, Ахмад және ғалымдардың көпшілігі осы хадисті бала жасаған қажылық жарамды (сахих) болады, әрі ол сол үшін Аллаһ тарапынан марапатталады дегенге дәлел ретінде пайдаланған. Десе де, бала кәмелет жасына толған кезде, қажылығын (Исламның рүкінінің бірі ретінде) қайта орындауы қажет, өйткені оның кәмелетке толмағанға дейін жасаған қажылығы нәпіл болып табылады әрі ол үшін (парыз қажылық ретінде – аудармашыдан (қаз.)) есептелмейді». «Бала жасаған қажылық есептеледі» деп айтатын шағын топ адамдардан басқа барлық ғалымдар бірауызды осыны айтады. Аталған пікір жоғарыда айтылған сөзге тіпті назар бұрмайтын ғалымдардың басым бөлігінің пікіріне қайшы келеді. Өз кезегінде, Абу Ханифа: «Бала жасаған қажылық жарамды болып табылмайды», — деді.  Абу Ханифаның серіктері: «Ақиқатында, олар (яғни балалар) қажылықтың (рәсімдерін) үйрену мақсатында оны тәжірибе үшін жасайтын. Олар қажылықты, міне, осы үшін жасайтын», — деген. Ән-Нәуауи былай деді: «Бұл хадис олардың (пікірін) теріске шығарады».