Құрбан айт жылдың ең ұлы күндерінің бірі болып табылады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһтың алдындағы ең ұлы күн Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн болып табылады![1]» Ахмад, Абу Дауд, әл-Хаким. Шейх әл-Әлбани және шейх Муқбил хадистің сахихтығын растаған. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 1064, “әл-Жәми’ әс-сахих” 2/328.

Аллаһ Тағала былай деген: «Әрі Біз сендер үшін Аллаһ бұйырған рәсім ретінде мал құрбан шалуды орнаттық. Мүнда сендер үшін хайыр бар» («Хаж» 22: 36).

Аса Құдіретті Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деген: «Раббың үшін намаз орында және (құрбан) шал» («әл-Кәусар» 108: 2).

Хасан әл-Бәсри бұл аяттың мағынасы туралы былай дейтін: «Раббың үшін мерекелі (Айт) намазын орында және құрбандыққа мал шал (Удхия)!» Қз.: “Тафсир әл-Қур`ан әл-‘Азиз” 5/168.

Мерекелі құрбан шалу, әсіресе, мүмкіндігі бар адам үшін, өте құпталатын және абзал ғибадат түрі болып табылады. Ибн Аббас былай деген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинада он жыл болды, әрі сол жылдардың барысында Удхия жасайтын». Ахмад, әт-Тирмизи. Хадис хасан. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 13/65, “Тухфатул-ахуази” 5/96.

Хафиз Ибн Абдул-Барр былай деген: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл өмірі барысында Удхия жасайтын, әрі оның Удхияны бір рет болса да қалдырғаны белгісіз. Ол оны орындауға ынталандыратын, әрі молшылыққа ие мұсылман адам оны  тастамауы қажет! Қз.: “әл-Изтискар” 15/163.

Мерекелі құрбан шалу орындалатын уақыт

Удхияның қатаң белгіленген өз уақыты бар. Ол Құрбан Айт (10 зул-хижжа) күні  айт намазы мен құтпасы оқылып болған соң басталады. Удхияны айт намазына дейін орындағанның құрбандығы жарамсыз болады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Біз сияқты намазды орындаған әрі біз сияқты құрбан шалған адам оны дұрыс орындаған болады, ал (егер) кім құрбанды айт намазына дейін шалса, онда бұл намазға дейін болды да, ол құрбан шалмады». Әл-Бухари 955.

Имам Ибн әл-Мунзир былай дейтін: «Удхияны айт күні күн шыққанға дейін шалуға рұқсат етілмейтініне барша бірауызды келіскен!» Қз.: «әл-Ижма’» 78.

Егер мұсылмандар айт намазы оқылмайтын мемлекетте өмір сүрсе, онда олар күн шыққаннан шамамен бір сағаттан кейін Құрбан шала береді.  Мұның себебі Құрбан шалу уақыты күннің көкжиектен  найзаның бойындай биіктікке көтерілген сәттен (әд-Духа) басталатындығында, бірақ сондай-ақ осыған айт намазы мен одан кейін құтпаның оқылуын  қосу керек,  сонда барлығы қосылғанда бір сағатты құрайды. Қз.: “әл-Муфәссәл фи ахкам әл-Удхия” 153.

Құрбандыққа шалынатын малға қойылатын талаптар

Құрбандық малы белгілі жасқа толған болуы қажет. Жәбирден Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Тиісті жасына толмаған малды құрбан шалмаңдар. Егер бұл сендер үшін ауыр болса, онда алты ай толған қойларды шалуларыңа болады». Муслим 1963.

Имам ән-Нәуауи былай деген: «Бұл хадисте белгілі жасқа толмаған малды мерекелі Құрбандыққа шалуға рұқсат етілмейтініне нұсқау бар, бұдан тек қой ерекшеленеді». Қз.: “Шәрх «Сахих» Муслим” 5/101.

Ал құрбандық малдарының жастарына келер болсақ, онда түйенің ең аз жасы бестен басталады, сиыр-бұқаның жасы – екі жастан, ал қой-ешкінің жасы бір жастан басталады.  Қз.: “әл-Мудаууана” 2/12, “әл-Мәбсут” 9/12, “әл-Муғни” 9/348, “әл-Хауи” 19/29.

Ал дәл қой мен қошқарға келер болсақ, онда шариғат оларға ерекшелік жасап, егер қой-қошқар ірі болса, онда бір жасқа толмағанын да шала беруге рұқсат етті.  Қз.: “әл-Асар” 63.

Сондай-ақ құрбандық малы оны Құрбандыққа жарамсыз ететін ақау-кемістіктерсіз болуға тиіс. Әл-Бара ибн Азиб Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде былай дегенін баяндады деп жеткізіледі: «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды: ақауы айқын бір көзді малды; ауруы айқын ауру малды; ақсақтығы айқын ақсақ малды; және әлсіздігі айқын арық малды». Ахмад 4/284, Абу Дауд 2802, әт-Тирмизи 1/283. Абу ‘Иса әт-Тирмизи, Ибн Хиббан, әл-Хаким және әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған.

Хафиз Ибн ‘Абдул-Барр былай деген: “Осы төрт кемістіктер туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде, мен бұған қатысты ешқандай келіспеушіліктерді білмеймін. Сондай-ақ осындай мағынаға жататынның барлығы да осыған қатысты екені де белгілі. Егер бір көзді мал рұқсат етілмесе, онда соқыр мал тіпті рұқсат етілмейді. Әрі егер ақсақ мал рұқсат етілмесе, онда аяқсыз мал тіпті (рұқсат етілмейді). Мұның барлығы ап-айқын және белгілі, әрі бұған қатысты келіспеушіліктер жоқ”. Қз.: “Фәтх әл-Мәлик” 7/16.

Ал осы хадисте аталмаған, мысалы, құлақтың кесілгені немесе жұлып алынғаны, сынық мүйіз секілді т.с.с. кемістіктерге келер болсақ, олар малды (құрбандыққа) жарамсыз етпейді, алайда бұл құпталмайды. Ал піштірілген малға келер болсақ, онда бұл мүлде кемістік болып саналмайды, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрбандыққа шалған қошқарлар піштірілген болатын.



[1] Мұның себебі дәл осы екі күнде қажылықтың көптеген өте маңызды рәсімдері орындалатынында.