Умм Атыйя былай баяндайтын: Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естігенмін: «Жас қыздар мен перде артында отырған (бойжеткендер), сондай-ақ етеккірі келген әйелдер де, үйлерінен шығып, игі істерге және мүміндердің Аллаһқа өздерінің дұғаларымен жалбарынуларына қатыссын, алайда етеккірі келе бастағандары намаз орнынан шетте тұрсын[1]». Әл-Бухари 324, Муслим 2/605.

Ибн ‘Аббас: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қыздары мен әйелдеріне екі айт намаздарына шығуды бұйыратын», — деп баяндаған. Ахмад 1/231, Ибн Абу Шайба 2/182. Хадис сахих. Қз.: “әс-Силсилә әс-Сахиха” 2115.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: Біз, бұл туралы Абу Ханифа және басқа имамдар айтқандарындай, айт намазы әрбір (мұсылманға) жеке парыз (фардул-‘айн) болып табылады деген қорытындыға келдік. Әрі бұл имам Шәфи`идің де пікірлерінің бірі және имам Ахмад мазхабының да пікірлерінің бірі.  Ал «Айт намазы фардул-кифая[2]» деген сөздерге келсек, олар ақиқат болудан алыс! Ақиқатында, ол Исламның ең ұлы рәсімдерінің бірі, әрі оған жұма күнінен де көбірек адам жиналады, онда тәкбір бекітілген. Ал ол фардул-кифая деген тұжырым дұрыс емес”. Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 23/161.

Айт намазының уақыты

Айт намазының уақыты күн көкжиектен найзаның биіктігіндей болып көтерілген уақыттан кіреді. Яғни намаз оқу сөгілетін уақыт өтісімен бірден (басталады). Әрі оның уақыты күн тас төбеге көтерілгенге, яғни бесін намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Қз.: «‘Аунул-Мә’буд» 3/486, «Шәрхул-мумти’» 5/156.

Айт намазынан кейін бір-бірін құттықтауға рұқсат етілгендігі туралы

Жубайр ибн Нәфир: “Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары айт күні бір-бірімен кездескенде, бір-біріне: «Аллаһ бізден де, сіздерден де қабыл етсін», — деп айтатын”, — деп бандайтын. Әт-Табарани 22/52. Хафиз Ибн Хәжар және имам әс-Суюты иснадын хасан деген. Қз.: “Фәтхул-Бәри” 2/517.

تَقَبَّلَ اللهُ مِنَّا وَمِنْكُمْ

“Тақаббалә-Ллаһу минна уа минкум”.

Мухаммад ибн Зияд былай баяндайтын: “Мен Абу Умама әл-Бахилимен және басқа сахабалармен бірге болғанмын, олар айт намазынан қайтып бара жатып, бір-біріне: «Аллаһ біздерден де, сіздерден де қабыл етсін!», — дейтін”. Әл-Бәйһақи “Сунан әл-кубрада” 3/320. Имам Ахмад, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбани иснадын хасан деген.

Адхам: “Біз екі Айт мерекесі күндерінде Умар ибн Абдул-Азизге: «Тақаббалә-Ллаһу минна уа минк, уа, мүміндердің әмірі!», — дейтінбіз, әрі ол тура солай жауап беретін және мұны сөкпейтін”, — деп баяндайтын. Әл-Бәйһақи. Қз.: имам әс-Суюты “әл-Хауи” 1/112.

‘Али ибн Сабит былай деп баяндайтын: “Бірде мен имам Мәликке адамдардың Айт күндерінде айтатын «Тақаббалә-Ллаһу минна уа минк» деген сөздері туралы сұрағанымда, ол: «Бұл іс бізде үнемі болатын, әрі мен бұда ешқандай жаман нәрсе көріп тұрған жоқпын!», — деп жайап берген”. Имам Ибн Хиббан “әс-Сиқат” 9/90.

Сондай-ақ имам Ахмадтың айт күнгі құттықтау туралы: «Сахабалар осылай істейтін әрі бұл туралы ғалымдар айтқан», — дейтін. Қз.: “әл-Инсаф” 5/381.

Құттықтаудың түріне қатысты сәлафтардан жеткен нұсқа (белгілі бір) бекітілген нұсқада, нақты айтқанда:  «Тақаббалә-Ллаһу минна уа минк», — деп келуі бұл құттықтау түрін басқаға ауыстыруға болмайтындығын көрсетеді.

Ал кең таралған: «Куллю ‘ам уа әнтум би хайр», «Ид мубарак» т.с.с. құтықтауларға келер болсақ, мұндай құттықтаулар, бұл туралы шейх әл-Әлбани айтқандай, ешбір сахабадан және олардың ізбасарларынан (таби’ун) жетпеген әрі Исламда бұған негіз жоқ. Тыңдаңыз: “Силсиләтул-һуда уа-ннур” 52.

Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салынғандығы туралы

Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға екі күнде: Ораза Айт пен Құрбан Айтта ораза ұстауға тыйым салатын». Әл-Бухари 3/280, Муслим 2/577.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейтін: «Мен сендерге Ораза және Құрбан айт күндерінде ораза ұстауға тыйым саламын». Абу Я’лә. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жәми’» 2517.

Имам ән-Нәуауи және шейх Сыддық Хасан Хан былай деген: Ораза және Құрбан Айт күндерінде ораза ұстау тыйым салынған болып табылатынына барлық ғалымдар бірауызды келіскен. Қз.: “Шәрх «Сахих» Муслим” 8/15, “әр-Раудату-ннәдийя” 1/566.

Ораза және Құрбан Айтта орындалатын түнгі намаздар туралы

Кейбір мұсылмандар өте сауапты амал деп санайтын Құрбан және Ораза Айт түндерін намазбен өткізудің сенімді негізі жоқ. Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларынан мұның заңдылығына нұсқайтын сөзбен де, амалмен де жасалған бірде-бір сенімді нұсқау жоқ.

Ал айт түндерінде намаз оқудың артықшылығына нұсқайтын кейбір хадистерге келер болсақ, олар сенімді емес! Мысалы, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Ораза және Құрбан айт түндерін намаз оқумен өткізсе, соның жүрегі жүректер өлетін күні өлмейді», — деп айтты деген хадис. Осы және осы сияқты хадисті Ибн Мәжаһ 1782, әт-Табарани 1/57 және әл-Бәйһақи 3/319 келтіреді. Бұл хадистің барлық нұсқалары сахих емес, олардың иснадтарында көптеген әлсіз және тәрк етілетін жеткізушілер бар. Олардың арасында ‘Умар ибн Харун, Ибраһим Мухаммад, Ибн әл-Уалид, Мараун ибн Салим. Осы себепті бұл хадистерді имам Ибн ‘Ади, имам ән-Нәуауи, шейхул-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Хәжар, хафиз әл-‘Ирақи, хафиз әл-Бусайри, имам әс-Суюты, шейх әл-Әлбани, сынды мухаддистер, сондай-ақ шейх Ибн Баз басқаратын Тұрақты Комитет (әл-Ләжна әд-даима) ғалымдары тәрк етті. Қз.: “әл-Кәмил” 5/372, “әз-Зауаид” 1/549, “әс-Силсилә әд-да’ифа уәл-мәуду’а” 521, 5163, “Фәтауа әл-Ләжна” № 11029.



[1] Сөз айт намазы орындалатын жерде басқа әйелдердің жанында тұруға тыйым салынғандығы туралы емес, намаздан тыйылу туралы болуда, бұған имам Муслимнің «Алайда етеккірі келіп жатқандар намаз орындамасын» деген риуаты нұқсайтындай. Муслим 2093. Сондай-ақ Ибн Ражабтың “Фатхул-Бари” 9/58 еңбегін қараңыз.

[2] Фардул-кифая – мұсылмандардың бір тобы орындаса, қалғандарының мойындарынан түсетін міндеттілік.