39- [Ол былай деді: “Біз (әл-Батха) алқабына қарай жүрдік[1]. Ол былай деді: “(Сол кезде) бір адам: «Бүгін мен өз отбасыма қайтамын», — дей бастады][2].

40- [Ол былай деді: “Біз тек қажылықты орындау ниетімен ғана шыққан болатынбыз. Бізге әйелдеріміз үшін босану[3] бұйырылғанда, Арафатта тұру күніне дейін төрт-ақ күн қалған болатын (хадистің басқа нұсқасында: «бес [түн]», — деп айтылады). Әрі біз Арафатқа келуіміз керек еді, ал мүшелерімізден ұрық тамып тұруы керек еді». Ол (Мухаммад бин ‘Али бин Хусайн – аудармашыдан (қаз.)) былай деді: «Жәбир қолымен (бұлғап) баяндап жатты»)[4]. (Хадистің жеткізушісі былай деді:) «Мен оның қолын бұлғап сөйлеп тұрғанын дәл көз алдымда көріп тұрғандаймын». [(Адамдар): “Біз бұны қажылық деп атап қойған соң, қалайша оны умра етеміз?”, — деді].

41- Ол былай деді: [“Әрі осы (сөздер) бізге беймәлім болған қандай да бір жолмен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жетті. Бұл оған көктен жеткізілді ме, әлде оған бұл туралы адамдар хабарлады ма – біз білмейміз”].

42- [Ол орнынан тұрды да] [адамдарға қарап құтпа айтты[5], (ал оның алдында) Аллаһты мақтап дәріптеді]. Ол былай деді: [“Уа, адамдар! Сендер маған Аллаһтың дініне қатысты бір нәрсе үйретпексіңдер ме?!] Сендерге мен сендердің араларыңдағы ең тақуа, ең шыншыл және ең салиқалы екенім белгілі ғой.  [Ендеше, мен сендерге бұйырған нәрселерді орындаңдар, өйткені] егер менің өзіммен бірге құрбан шалатын малым болмағанда, мен сендер сияқты ихрам халінен шығар едім [, алайда мына құрбандыққа шалынатын мал тиісті  орнына жетпейінше мен ихрам халінен шыға алмаймын][6]. Егер мен бұрын қазір білетін нәрселерді білгенімде, өзіммен бірге құрбандыққа шалатын малдарды айдап келмес едім, сондықтан да ихрам халінен шығыңдар”].

43- [Ол былай деді: “Сонда біз әйелдерімізбен жыныстық қатынасқа бардық, хош иістерімізді жақтық және әдеттегі киімдерімізді кидік]. [Біз естідік және мойынсұндық”].

44- [Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және құрбан шалатын малдары бар адамдардан басқа барлық адам ихрам халінен шықты және шаштарын қысқартты].

45- [Ол былай деді: “Әрі Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Тәлхадан басқа олардың ешқайсысында құрбандыққа шалатын малдары жоқ болатын][7].



[1] Әл-Батха – Мекке алқабы. Бұл  Меккеден шығыста орналасқан жер әл-Әбтах деп аталады. Ол түбі майда тастармен жайылған кең арна болып табылады, бұл туралы «әл-Қамуста» және басқа (түсіндірме сөздіктерде) айтылатындай.

[2] Сахабалар (ихрамнан шығу туралы үндеуді) елемегендей болды. Бұл орын алған жағдай олардың ихрамнан шыққан кейбіреулерінің жүректерінде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығынан кейін бірден қандай да бір абыржу қалғанына айғақ болады.  Ал қалған адамдарға келер болсақ, олар бұйрықты орындауға Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келесі құтпасына дейін асықпады, ал онда ол қажылықты умра үшін үзу туралы бұйрығын растады. Содан соң сахабалар, олардың барлығына Аллаһ разы болсын, ихрам халінен шықты.

[3] Редактордың ескертпесі: яғни ихрамнан толығымен шығу, ал бұл жайт әйелдерімен жыныстық қатынасқа баруды хәлал ететін еді.

[4] Яғни қолымен ұрықтың қалай таматынын көрсетіп.

[5] Бұл енді екінші құтпа болатын. Яғни онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылықты умра жасау үшін үзу туралы бұйрықты растады. Бірінші құтпа ихрамға дейін болған еді, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) микаттар туралы айтып берген болатын.

[6] Яғни бұл мал Құрбан Айт Күні Минада құрбандыққа шалынбайынша.

[7] Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) тек өзіне белгілі болған нәрсені ғана хабарлады, әрі бұл Айша баяндаған нәрселерге еш қайшы келмейді: “Құрбан шалатын малдар Пайғамбарда (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), Абу Бакрде, Умарда, сондай-ақ әл-ауқатты мұсылмандарда бар еді”. Бұдан тыс, оның сіңілісі Асма (Аллаһ оған разы болсын) мынаны хабарлады: “Өзімен бірге құрбан шалатын малы болған әз-Зубайр да ихрам халінен шықпады”. Бұл хадистердің арасында қарама-қайшылықтардың жоқтығы туралы қорытындыны дәлел туралы білетін адам ол туралы білмейтін адамның алдында артықшылыққа ие екендігіне, ал бекітіп айтушыға теріске шығарушының алдында басымдық берілетіндігіне сәйкес жасауға болады.