Аллаһ Тағала былай деп айтты:
«Қажылық белгілі айларда орындалады. Кім ол айларда (ихрам байланып) міндеттенсе, қажылық кезінде әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жоқ. Әй, ақыл иелері! Нендей қайыр істесеңдер де, Аллаһ бұл туралы біледі. Және азық алыңдар. Негізінде, азықтың жақсысы тақуалық. Әй, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар!» («әл-Бақара» сүресі, 197-аят).

Абу Хурайрадан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай, Аллаһқа қажылық жасаған адам анасы оны туған күнде қандай (күнәсіз) болса, солай оралады». Әл-Бухари 1521, Муслим 1350.

Сондай-ақ Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Амр ибн әл-Ас жеткізген хадисте былай дейді: «Ислам оған дейін болғанды (күнәларды) өшіреді, қажылық оған дейін болғанды (күнәларды) өшіреді, хижра оған дейін болғанды (күнәларды) өшіреді». Муслим.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын: «Умрадан кейін умраны орындау олардың араларындағы күнәлардың өтеуі болады, мінсіз қажылыққа келер болсақ, ол үшін Жәннаттан өзге сый жоқ!». Әл-Бухари 1773, Муслим 1349.

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ: «Кәрі адамның, баланың, әлсіздің және әйел кісінің жиһады Қажылық пен Умра болып табылады!», — деп айтатын. Ән-Нәсаи 2626. Хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.

Сондай-ақ Хусайн ибн ‘Алиден бірде бір кісі Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен қорқақпын әрі әлсізбін», — деп айтқаны, бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда шайқасу жоқ жиһадты – Қажылықты орындауға асық!», — деп жауап бергені жеткізіледі.  Әт-Табарани “әл-Аусатта” 4/4287. Хадис сахих. Қз.: “Ируа әл-ғалил” 4/152.

Әрбір мұсылман Исламның бес парызының бірі болған осы ұлы рәсімді орындауға міндетті, бұл, әсіресе, қажылықты орындау мүмкіншілігіне ие, алайда оны ешбір себепсіз кейінге қалдырып жүрген адамға қатысты. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Парыз қажылықты орындауға асығыңдар, өйткені, расында, сендерден ешкім өзіне не кедергі болып қалуы мүмкін екендігін білмейді!» Ахмад 1/314. Хадистің сенімділігін хафиз ’Абдул-Хаққ әл-Ишбили, әл-Әлбани және Шу’айб әл-Арнаут растаған.

Ал ‘Умар ибн әл-Хаттаб мына қорқынышты сөздерді айтып ескерткен: «Кім қажылықты орындау мүмкіндігіне ие бола тұра оны орындамаған болса, оның қалай өлетінінде: христиан болып па, әлде яһуди болып па – айырмашылық жоқ!» Әл-Исма’или, Ибн Абу Шайба, Са’ид ибн Мансур. Хафиз Ибн Кәсир иснадын сахих деді. Қз.: “«Тафсир» Ибн Кәсир” 2/97.

Бұдан қалса, бірауызды пікір (ижма’) бойынша, қажылықты орындау өмірде бір рет міндетті болып табылатындығына қарамастан, көптеген имамдар қажылықты әр бес жыл сайын орындауды дұрыс көрген. Мұнымен олар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келесі хадисіне сүйенген: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала: “Егер Мен Өзімнің құлымның денесін сау етсем және оны кеңшілікке бөлесем, ал бес жыл өтісімен ол Мені зиярат етпесе, онда ол игіліктен құр қалғандардың қатарынан!”, — деп айтады». Ибн Хиббан 960, Абу Йа’лә 1/289, әт-Табарани 1/110. Хадистің сенімділігін имам Абу Зур’а, имам Ибн Хиббан, шейх Али әл-Қари, шейх әл-Әлбани, Абу Исхақ әл-Хууайни және Шу’айб әл-Арнаут растаған.

Ибн ‘Умар былай баяндайтын: «Біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мина өлкесіндегі мешітте отырғанымызда, бізге біреуі ансарлардан, ал екіншісі Сақиф руынан болған екі адам келді де, сәлем берген соң отырды. Сосын олар: “Уа, Аллаһтың елшісі, біз саған сұрақ қоюға келдік”, — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Егер қаласаңдар, мен сендерге сұрағыларың келген нәрселеріңді хабарлайын, ал егер қаласаңдар, сендер мұны өздерің айтыңдар”, — деді».

Олар: «Уа, Аллаһтың елшісі, хабарла», — деді. Сақафи ансарға: «Сұра», — деді. Алайда ол: «Хабарла маған, уа, Аллаһтың елшісі», — деп айтты. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Сен Қасиетті Мешітке бару мақсатында үйіңнен шыққаның үшін саған не (сый-сауап) болатынын сұрау үшін келдің. Тауаптан кейінгі екі ракағат туралы, (яғни) саған ол үшін не (сый-сауап) болатынын білу үшін. Сафа мен Мәруаның арасын айналып жүру туралы білу үшін. Арафатта тұру туралы, бағаналарға тас лақтыру туралы, шашты қыру және Қағбаны айналу туралы — осылар үшін саған не (сый-сауап) болатыны туралы Әлгі кісі: «Сені ақиқатпен Жібергенмен ант етемін, мен дәл соны сұрауды қалап келгенмін», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, сен Қасиетті Мешітке қарай жол алып үйіңнен шықсаң, сенің мінген жануарың аяғын әр көтерген және түсірген сәтте, саған бір сый-сауап жазылады және бір күнәң кешіріледі.

Қағбаны (жеті рет) айналудан кейінгі екі ракағатқа (намазға) қатысты айтар болсақ, онда бұл сенің Исмаил (пайғамбардың)  ұрпақтарынан болған бір құлға азаттық бергеніңдей.

Сафа мен Мәруа төбелерінің арасын айналып жүруге келер болсақ, бұл жетпіс құлды босатумен бірдей.

Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Аллаһ Тағала төменгі аспанға түсіп, періштелердің алдында мақтанып, былай дейді: “Құлдарым Жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйпалақтанған күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Әй, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!”

Тас лақтыруға келер болсақ, әрбір тасталған тас үшін сенің кіші күнәң кешіріледі.

Құрбандығыңа келер болсақ, бұл үшін саған Раббыңның алдында ұлы сый әзірленген.

Басты қыруға қатысты айтар болсақ, әрбір талшық шаш үшін саған игі іс жазылады әрі күнәң кешіріледі.

Ал  сенің осының барлығынан соң Қағбаны айналуың туралы айтар болсақ, онда сен күнәсіз болған күйде тауап жасайсың. Әрі осыдан соң періште келеді де, қолдарын сенің иығыңа қойып, былай дейді: «Болашақта саған жазылған нәрселерді орындай бер, өйткені бұрын болған нәрселердің барлығы саған кешірілді!”». Әл-Баззар 2/182, Ибн Хиббан 963, ‘Абдур-Раззақ 8830. Хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани хадистің сахихтығын растаған. Қз.: “Сахих әт-тарғиб” 1112.